Қазақстандықтың зейнетақы шотындағы қаражаты жоғалған: қор мәселенің мән-жайын түсіндірді

 ©El.kz
Фото: ©El.kz

БЖЗҚ салымшыларының бірі зейнетақы шотындағы қаражаттың азайғанына қатысты шағым түсірген. Оның айтуынша, ол зейнетақы жинағындағы артық соманы Отбасы банк депозитіне аудармақ болған, алайда шоттағы қаражат көлемі кенеттен азайып, бұл операцияны жүзеге асыра алмаған. Осыған байланысты салымшы қордан түсініктеме талап еткен.

Қор мәліметінше, салымшылардың жеке шоттарына түскен зейнетақы жарналары әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Алайда инвестициялық табыс тұрақты болмайды, яғни белгілі бір кезеңдегі кіріс мөлшері алдын ала нақты бекітілмейді. Оның көлемі бағалы қағаздардың нарықтағы құнына, валюта бағамдарының өзгеруіне, жарналардың мөлшері мен түскен уақытына байланысты қалыптасады.

Қор өкілдері 2026 жылдың наурыз айында инвестициялық табыс орнына шығын тіркелгенін атап өтті.

2026 жылғы наурызда теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы және зейнетақы активтерін сыртқы басқаруға алған шетелдік ұйымдардағы активтердің нарықтық құнының төмендеуі инвестициялық табыстың азаюына тікелей әсер етті. Соның нәтижесінде салымшылар шотына теріс инвестициялық табыс есептелді, – деп түсіндірді қорда.

БЖЗҚ мәліметінше, мұндай жағдайларда қайта бағалау нәтижесінде зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы азаюы мүмкін. Соған сәйкес мерзімінен бұрын алуға болатын қаражат көлемі де азаяды.

Қор заңнамаға сәйкес, егер салымшы сұратқан сома жеткіліктілік шегінен төмен түсіп кетсе, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға рұқсат бере алмайды.

Айта кетейік, Қазақстанда жақын уақытта зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу үшін белгіленген жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі қайта қаралуы мүмкін. Дегенмен 8 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл көрсеткіш биыл қайта арттырылмайтынын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз