Қазақстандықтарға Таиландта крем қолданғаны үшін қомақты айыппұл салынуы мүмкін
Таиландқа баратын туристерге күннен қорғайтын қауіпті кремдерді қолданғаны үшін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Thaiger басылымына сілтеме жасапй отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Ел билігі теңіз ұлттық парктерінде кейбір күннен қорғайтын құралдарды қолдануға тыйым салды. Себебі мұндай кремдердің құрамындағы химиялық заттар маржан рифтеріне зиянын тигізіп, теңіз экожүйесіне кері әсер етеді.
Таиландтың Ұлттық парктер, жабайы табиғат және өсімдіктерді қорғау департаментінің (DNP) хабарлауынша, енді теңіз парктерінде тыйым салынған кремдерді пайдалану үшін 100 000 батқа дейін (шамамен 1,65 млн теңге) айыппұл салынады.
Департамент басшысы Аттапол Чароэнчансаның сөзінше, тыйым салынған өнімдер құрамында мына төрт зиянды зат бар:
Oxybenzone, Octinoxate, 4-Methylbenzylidene Camphor және Butylparaben.
Бұл компоненттер маржандардың көбеюіне кедергі келтіріп, рифтердің ағаруына және өлуіне себеп болады.
Бұл химиялық заттар маржандардың дернәсілдеріне зиян келтіріп, олардың өсуі мен көбею процесін бұзады. Нәтижесінде рифтер ағарып, тіршілігін жояды, – деді Чароэнчанса.
Ол туристерге құрамында қауіпті химикаттар жоқ, Reef Safe немесе Reef Friendly таңбасы бар кремдерді таңдауға кеңес берді.
Сонымен қатар департамент теңіз парктерінде мына ережелерді сақтау қажеттігін ескертті:
- маржандарға қол тигізуге немесе басуға болмайды;
- рифтерден кемінде екі метр қашықтықта болу қажет;
- суға қоқыс тастауға тыйым салынады;
- парк қызметкерлерінің нұсқауларын орындау керек.
Бұл талаптарды бұзғандар 2019 жылғы Ұлттық парктер туралы заңға сәйкес әкімшілік жазаға тартылады.
Таиланд билігі жаңа ережелердің орындалуын қатаң қадағалайды. Ведомство өкілдері мұндай шаралар табиғатты қорғауға және елдің экотуризмдік тартымдылығын сақтауға бағытталғанын айтады.
Бұл – жай ғана формальді талап емес. Бұл Таиланд табиғатының сұлулығын, оған тән ерекше экожүйені сақтап қалудың жолы, – деді департамент өкілі.
Айта кетсек, соңғы жылдары Таиландтағы маржан рифтері климаттың өзгеруі мен мұхиттардың ластануынан айтарлықтай зардап шегіп келеді. Экологтар жаңа шаралар бұл экожүйеге түсетін жүктемені азайтады деп үміттенеді.

