© El.kz/Арман МҰХАТОВ

Қазақстандықтарға 70 мың теңгеден төлене ме? - министрлік пікір білдірді

07.08.2025 08:40

Әлеуметтік желілерде 1949-2010 жылдар аралығында туған Қазақстан азаматтарына 70 000 теңге аударылатыны туралы ақпарат тарады. Қаражатты аудару үшін белгісіз адамдар күмән келтіретін сілтемеге өтуді ұсынған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. 

Әлеуметтік көмектің мұндай түрі жоқ екенін хабарлаймыз. Тиісінше көрсетілген сілтеме алаяқтар үшін азаматтардың жеке деректерін алу тәсілі болуы мүмкін. Алаяқтармен өзара әрекеттесуді болдырмау үшін сілтемеге өтпеуге кеңес береміз. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы ресми ақпарат тек қана 1414 нөмірінен СМС-хабарламалар арқылы таратылады. Тұрғындардан тек ресми көздердегі ақпаратты пайдалануын сұраймыз,-делінген хабарламада. 

Жауапты ведомство жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын еске салды.