Қазақстандықтардың бір бөлігі енді несие ала алмайды
Қазақстандағы банктер, егер клиенттің несиелері бойынша 30 күннен аса кешіктірілімі болса, микроқарыздар бойынша 1 күннен көп кешіктірсе, соңғы үш жылда қарызы толық кешірілген болса немесе соңғы 12 айда несиесін қайта құрылымдағанымен, төлем тәртібін жақсарта алмаған жағдайда, несие бермейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл өзгерістер 2025 жылдың 24 қарашасынан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) қаулысында жазылған.
Құжатқа сәйкес, жеке тұлғалар мына факторлардың екеуі немесе одан көбі болған жағдайда «жоғары тәуекелді» қарыз алушылар ретінде жіктеледі:
- несие тарихының үш жылдан аз болуы;
- соңғы 12 айда 30 күн ішінде 3 АЕК-тен (11 796 теңге) жоғары берешекке жол беруі;
- үш немесе одан да көп қаржы ұйымынан несие алуы;
- табысқа шаққандағы қарыз жүктемесінің 45%-дан асуы;
- несие тарихында теріс ақпараттың болуы;
- тұрақты табысының ресми расталмауы.
Сондай-ақ соңғы 12 айда 90 күннен аса кешіктірімі бар қарыз алушылар үшін қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) 0,5-тен 0,25-ке дейін екі есе төмендетіледі. Яғни мұндай клиент табысының 25%-ынан артық соманы несие төлеуге жұмсай алмайды.
Бұл шаралар агенттік тарапынан алғаш рет 2025 жылдың қыркүйегінде жарияланған. Агенттік ол кезде мұндай шектеулер проблемалық қарыздары бар азаматтардың жаңа несие алу мүмкіндігін азайтып, қайталама дефолт қаупін төмендетуге бағытталғанын мәлімдеген.

