©El.kz

Қазақстандықтар жұмыстан ерте кете алады – депутат

Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден кішкентай баласы бар ата-аналардың жұмыс жағдайына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Депутаттың айтуынша, жұмыс берушілердің көпшілігі еңбек заңнамасында көрсетілгеніне қарамастан, қысқартылған жұмыс уақытына рұқсат бермейді.

Көптеген аналардың айтуынша, еңбек шартындағы қысқартылған жұмыс уақыты мүлде қарастырылмайды. Осыған байланысты сұрағым: еңбек заңнамасы жұмыс берушіні кішкентай баласы бар ата-анаға қысқартылған жұмыс күнін беруге міндеттей ме? Сондай-ақ мұндай жағдайлардың алдын алу үшін министрлік қандай шаралар қабылдап жатыр? – деп сұрады ол еңбек министрінің орынбасарынан.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жұмыс уақытының режимі жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімі арқылы өзгертіледі.

Мысалы, жұмыс күні таңғы сегізде басталып, кешкі бесте аяқталуы мүмкін, – деді ол.

Егер жұмыс беруші қызметкердің өтінішін қабылдамаса, қызметкер еңбек инспекциясына шағымдануға құқылы. Мемлекеттік инспекция арызды қарап, қажетті көмекті көрсетеді.