Жаңалықтар

Қазақстандықтар жалдамалы пәтерін 5 жылдан кейін жекешелендіре алады

Қазақстандықтар жалдамалы пәтерін 5 жылдан кейін жекешелендіре алады
Фото: ©El.kz/Миражан МАХАН 12.06.2024 14:02 1061

Азаматтар апатты үйлердің орнына берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік алады. Бұл туралы мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Депутаттар тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңға бірқатар түзетулер енгізді. Соның арқасында бірқатар қазақстандықтар өздері тұрып жатқан баспанаға меншік құқығын ала алады. Оларға берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығы жалғыз баспанасы қауіпті деп танылған азаматтарға беріледі. Бүгінде республика бойынша 1641 тұрғын үй берілген.

Парламенттік түзету аясында азаматтарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру ұсынылып отыр. 2017 жылдан бері қайтарымсыз негізде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 418 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, өңірлерде 51 мың пәтер салынып, берілген («Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында). Жаңа норма халықтың әлеуметтік осал топтарына жалдамалы баспананы жеке меншік ретінде алуға мүмкіндік береді, - деді Тұмашинов.

Депутаттың сөзінше, бүгінгі күнгі 52 мыңға жуық отбасы жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. 

Ұлықбек Тұмашинов Мәжіліс кулуарында заңға енгізілген бірқатар түзетулерді түсіндіріп берді. 

Тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі 2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы негізінде басталды. Сондықтан бүгінгі заң аясында сол пәтерде тұрып жатқан адамдарға пәтер жекешелендіруге беріледі. Бұрын ондай құқық болмаған. Халықта да сұрақ көп болды: «бізді шығарып жібермей ме?» деп алаңдады. Заң аясында ондай жағдай болмайды. Егер ол адамдар пәтерді жекешелендіре алмайтын жағдай болса да, тұрғын сол пәтерлерде тұра береді, - деп түсіндірді ол. 

Депутаттың айтуынша, заң жұмыс күшіне енгеннен кейін Отбасы банктың құзырына кіреді. 

Үйді жекешелендіру үшін азамат ол пәтерде 5 жыл тұруы керек. Содан кейін ғана жекешелендіре алады. Әрине, қалдық құнымен бірге. Қалдық құны дегеніміз, мысалы, 2017 жылы үй 8 млн теңге болса, нарықта 16-17 млн теңге болуы мүмкін. Ал сіз оны қалай болады, сол бағамен аласыз, яғни бастапқы бағасымен. Пәтердің тағы амортизациясы болады. Ол жылда азайтылып отырады. Оны да қосып, 8 млн теңге тұратын пәтерді 7 млн теңге түсіреді. Бұл да көмек. Ал нарықта бұл пәтерлер 16-17 млн теңге тұрады, - деп түсіндірді Тұмашинов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға