©El.kz коллажы

Қазақстандықтар VIP-нөмірлерді енді онлайн ала алады

Қазақстанда автокөлік иелеріне арналған VIP-қызметтердің бірі бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мемлекеттік нөмірлердің «әдемі» және эксклюзивті комбинацияларын енді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, толықтай онлайн рәсімдеуге болады.

Қалай рәсімдеуге болады?

Жаңа қызмет ХҚКО-ның мобильді қосымшасында іске қосылды. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлімдеді. Қосымша арқылы пайдаланушы қалаған нөмірді таңдап, оның қолжетімділігін бірден тексеріп, мемлекеттік баж салығын сол жерде төлей алады.

Оқи отырыңыз:

Өтініш беру кезінде әріптер мен сандар комбинациясы қолмен енгізіледі, ал өңір жүйе арқылы автоматты түрде – өтініш берушінің тіркеу мекенжайына сәйкес анықталады. Жүйе нақты уақыт режимінде нөмірдің бос немесе бос еместігін көрсетеді. Егер таңдалған комбинация қолжетімді болса, пайдаланушы төлем жасап, дайын нөмірді алатын бөлімшені өзі таңдайды. Ал нөмір бос болмаса, сервис балама нұсқаларды ұсынады.

VIP-нөмірге сұраныс неге артты?

Қазақстанда VIP-нөмірлерге деген қызығушылық 2026 жылдың басынан бері айтарлықтай өскен. Бұған басты себеп – 1 қаңтардан бастап мемлекеттік баж салығының мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстырылуы. Биыл АЕК көлемі 4 325 теңгені құрайды.

Соның нәтижесінде «әдемі» нөмірдің ең төменгі құны 10 АЕК-тен, яғни 43 250 теңгеден басталады. Қаңтар айының басында дәл осы нөмірлерге бола қазақстандықтар мамандандырылған ХҚКО-ларда ұзын-сонар кезекке тұрғаны да көпшілікке мәлім.

2026 жылы VIP-нөмірлер қанша тұрады?

VIP-комбинациялардың бағасы:

Ең арзан VIP-нөмірлер – 10 АЕК (43 250 теңге);

Қайталанатын сандар (181, 272, 363 және т.б.) – 15 АЕК (64 875 теңге);

Үш бірдей әріп – 57 АЕК (246 525 теңге);

Үш бірдей әріп + танымал цифрлар – 114 АЕК (493 050 теңге);

Премиум комбинациялар:

әріпсіз (001-009, 777) – 228 АЕК (986 100 теңге);

үш бірдей әріппен – 285 АЕК (1 232 625 теңге).

Салыстыру үшін: кездейсоқ цифрлар мен әріптерден тұратын кәдімгі мемлекеттік нөмір 2,8 АЕК, яғни 12 110 теңге тұрады.

Қандай цифрлар қымбатырақ?

Құны жоғары саналатын комбинацияларға мыналар жатады:
100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999.
Олардың бағасы – 137 АЕК (592 525 теңге).

Ал осы цифрларды үш бірдей әріппен біріктірсе, баж салығы 194 АЕК-ке дейін өседі, яғни 839 050 теңге.

VIP-нөмірдің тағы бір артықшылығы

VIP-нөмірдің маңызды артықшылығы, оны көлік сатылғаннан кейін де сақтап қалуға болады. Нөмірді басқа автокөлікке қайта орнату мүмкіндігі бар.

Нөмірді сақтау шарттары:

1 айға дейін – тегін;

6 айға дейін – айына 2,8 АЕК (12 110 теңге).

Осылайша, 2026 жылы Қазақстанда VIP-мемлекеттік нөмірлердің бағасы шамамен 10 пайызға қымбаттады, алайда қызмет көрсету форматы айтарлықтай жеңілдеді. Онлайн рәсімдеу, нөмірді алдын ала тексеру және бірден төлеу мүмкіндігі автокөлік иелерінің уақытын үнемдеп, бюрократиялық кедергілерді азайтты.

Бұған дейін VIP-нөмірді қалай рәсімдеуге болатыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар ІІМ көлік иелеріне мемлекеттік тіркеу нөмірін еркін таңдауға рұқсат берді.