Коллаж El.kz

Қазақстандықтар тіс емдеуге зейнетақы жинағын қайта пайдалана ала ма?

Қазақстанда зейнетақы жинағының бір бөлігін тіс емдеуге жұмсау мүмкіндігі қайтадан енгізілуі ықтимал. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.

Оның айтуынша, банк қазір Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, зейнетақы жинағын стоматологиялық емге пайдалану мүмкіндігін қайта қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Ибрагимованың пікірінше, бұл қызметтің тоқтатылуы көпшілік үшін әділетсіз шешім болған.

Өкінішке қарай, халықтың шамамен 10 пайызы қаражатты мақсатсыз пайдаланды. Соның салдарынан 90 пайыз азамат осы мүмкіндіктен айырылып қалды. Менің ойымша, бұл – әділетсіз, – деді ол.

Қызмет толық цифрландырылуы мүмкін

Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жүйені толық цифрландыру жоспарланып отыр. Жаңа тетік бойынша стоматологиялық клиникалар мен медициналық ұйымдар арнайы онлайн платформаға енгізіледі.

Жасалған ем-шаралар туралы актілер де электронды форматта рәсімделеді. Сонымен қатар жүйе Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен біріктіріліп, барлық төлем мен қызмет ашық әрі бақылауға ыңғайлы болмақ.

Банк басшысының айтуынша, азаматтар зейнетақы жинақтарының белгіленген жеткіліктілік шегіне жеткен жағдайда, бұл мүмкіндікті қайтадан белсенді пайдалануы ықтимал.

Дегенмен Отбасы банк үшін бұл бағыт қазір басты басымдықтардың бірі емес. Сондықтан 2026 жылдың сәуір айының ортасына дейін бұл қызметтің қайта іске қосылмайды.

Неліктен тоқтатылды?

Бұған дейін зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану қызметі 2026 жылғы 15 сәуірге дейін уақытша тоқтатылғаны хабарланған еді. Мұндай шешім түрлі алаяқтық әрекеттер анықталғаннан кейін қабылданған.

Мәселен, кейбір азаматтар зейнетақы қаражатын бірнеше рет алып, мақсатсыз пайдаланған. Бір жағдайда клиент тіс емдеуге ақша алу үшін 11 рет өтініш беріп, жалпы сомасы 32,6 млн теңге алған көрінеді. Егер бір имплант пен тіс қаптамасының орташа құны 500 мың теңге деп есептесек, бұл қаражатқа шамамен 65 имплант орнатуға болар еді.

Тағы бір клиент 27 рет өтініш беріп, зейнетақы жинағынан жалпы 13,1 млн теңге аудартқан. Мамандардың айтуынша, болашақта енгізілетін толық цифрлық бақылау жүйесі осындай заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.