Қазақстандықтар тәттіден бас тартып, пайдалы тағамдарды тұтына бастады
Соңғы екі жылда қазақстандықтардың азық-түлік тұтыну құрылымында айқын өзгеріс байқалады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Saudata.kz ресурсының зерттеуіне сәйкес, 2023 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қыркүйегіне дейін кондитерлік өнімдер супермаркеттердегі орташа түбіртектерде ең үлкен үлесті сақтап келеді — олар жалпы тұтыну себетінің 15,7%-ын құрайды. Екінші орында — сусындар (шырын, газдалған және минералды су) – 10,4%, ал үшінші орында ет өнімдері – 10,3%. Сүт өнімдерінің үлесі әзірге 8,8% шамасында.
Дегенмен, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың азық-түлік таңдауы біртіндеп «сауығып» келе жатқанын көрсетеді. Егер сатып алу жиілігіне назар аударсақ, 43% үлесі бар сусындардан кейін екінші орында тәтті өнімдер (конфет, шоколад, торт, печенье) тұр — олар орта есеппен тұтынушылардың 33% түбіртектерінде кездеседі. Ал сүт өнімдерінің үлесі айтарлықтай өсіп, бүгінде 30% деңгейінде тіркеліп, кондитерлік тауарларды қуып жеткен.
Сонымен қатар, нан-тоқаш өнімдерінің үлесі азайған. 2024 жылдың тамыз–қыркүйек айларында олар сатып алулардың шамамен 23%-ында кездессе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 20%-ға дейін төмендеген. Жеміс-жидектерге деген сұраныс та аздап төмендеген: 2024 жылдың жазында чектердің 10,6%-ында тіркелсе, 2025 жылы үлесі 9,4%-ға дейін қысқарған.
Зерттеушілердің айтуынша, жалпы алғанда, қазақстандықтардың тұтыну себеті біртіндеп сауықтыру бағытына бет алған. Тәттілер мен сусындар әлі де көшбасшылық орнын сақтап отырғанымен, олардың үлесі азаюда. Керісінше, сүт және ет өнімдеріне деген қызығушылық артып, тұтынушылардың күнделікті таңдауы пайдалы әрі қоректі тағамдарға қарай ауысуда.
Мамандар бұл үрдісті қоғамдағы салауатты өмір салтына деген қызығушылықтың артуымен, сондай-ақ сапалы әрі табиғи өнімдерге басымдық берумен байланыстырады.

