Қазақстандықтар орта есеппен қанша жыл өмір сүреді?
Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы тәуелсіздік тарихындағы жоғары көрсеткішке жеткенін мәлімдеді.
30 жылда 8 жасқа ұзарды
Ведомство мәліметінше, Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетіп, ел тәуелсіздігі тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетті.
1991 жылы халықтың орташа күтілетін өмір сүру ұзақтығы 67,6 жас болса, (2001 жылы — 65,6, 2011 жылы — 68,98, 2021 жылы — 70,23), кейінгі үш жарым онжылдықта бұл көрсеткіш 8 жылдан астам уақытқа ұзарды, – делінген хабарламада.
Министрлік осы өсімге әсер еткен негізгі фактордың бірі ретінде инфекциялық емес аурулардың алдын алу және онымен күрес шараларын атады. Себебі мұндай аурулар Қазақстандағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі болып отыр.
Еске салайық, бұған дейін министрлік еліміздегі әр бесінші өлім инфекциялық ауруларға байланысты емес екенін, әрі бұл көрсеткіштің өсіп келе жатқанын хабарлаған еді. Қазіргі таңда негізгі қауіп өмір салтына тікелей байланысты аурулардан туындайды.
Жалпы өлім-жітімнің шамамен 80 пайызы инфекциялық емес аурулардың үлесіне тиесілі. Олардың ішінде жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары және қант диабеті негізгі себептер болып саналады.
Қазір Денсаулық сақтау министрлігі 2029 жылға дейінгі денсаулық сақтау саласын дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Оның басты көрсеткіштерінің бірі –халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру.
Әлемдегі ең ұзақ өмір сүретін мемлекет
-
Монако – 85,9 жыл. Жағалаудағы шағын мемлекет халқы сапалы медицинаға қолы жетіп, салауатты өмір салтын ұстанады. Қылмыс деңгейі төмен, қарттарға жоғары деңгейде қамқорлық көрсетеді.
-
Гонконг (АР) – 85,5 жыл. Бұл елде де жоғары медициналық стандарттар, заманауи технологиялар және аурудың алдын алуға басымдық беретіндей жағдай бар. Халық денсаулыққа пайдалы диета ұстайды, аз алкоголь тұтынады және белсенді өмір сүреді.
-
Макао (АР) – 85,4 жыл. Қытайға қарасты автономиялық аймақта экономика қарқынды дамып келе жатыр. Соған сай тұрғындар ұзақ өмір сүреді.
-
Жапония – 84,8 жыл. Жапондар дұрыс тамақтанады, салауатты өмір салтын ұстанып, жүйелі медициналық тексерістен өтеді. Оған қоса отбасындағы қарым-қатынасты берік сақтап, әлеуметтік жауапкершіліктен қашпайды.
-
Аустралия – 84,5 жыл. Мұнда сапалы медицина мен қоршаған орттаның тазалығы үлкен рөл атқарады.
-
Швейцария – 84 жыл. Швейцарияда медициналық қызметтің сапасы жоғары, азаматтардың өмір сүру салты да салауатты.
-
Мальта – 83,8 жыл. Тұрғындарға Жерорта теңізінің жылы климаты, денсаулық сақтау саласындағы қолжетімді қызметтер әсер етеді. Оған қоса олар диета ұстайды.
-
Оңтүстік Корея – 83,7 жыл. Аталған елде пайдалы тағам, спорт және профилактикаға ерекше көңіл бөлінеді.
-
Лихтенштейн – 83,3 жыл. Халық саны аз, әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау деңгейі жоғары.
-
Норвегия – 83,2 жыл. Қоғамдық саясат, экология және медицина дамыған.

