Қазақстандықтар Франциядағы тау шаңғысы курортына тегін бара алады
Франциядағы Сен-Коломбан-де-Виллар тау шаңғысы курорты биыл қыста шаңғымен тегін сырғанауға мүмкіндік беріп отыр. Алайда бұл шешім турист тарту үшін емес, күрделі қаржылық жағдайға байланысты қабылданған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Euronews мәліметінше, муниципалитет ақылы жүйені қолдану одан бас тартқаннан да қымбатқа түсетінін ресми түрде мойындады.
Еуропада көтергіштер мен ски-пасстар бағасы үздіксіз қымбаттап жатқан кезеңде мұндай қадам түсініксіз көрінеді. Дегенмен жергілікті билік бұл маркетингтік айла емес, экономикалық мәжбүрлі шара екенін атап өтті.
Савойя өңіріндегі, теңіз деңгейінен шамамен 1100 метр биіктікте орналасқан шағын ауыл соңғы 25 жылға жуық уақыт бойы шығынмен күресіп келеді. Бұрын жыл сайынғы тапшылық 400-600 мың еуро шамасында болса, соңғы маусымдарда қардың тұрақсыз түсуіне байланысты бұл көрсеткіш күрт өскен. 2025 жылы курорттың операциялық шығыны 1 миллион еуроға жеткен.
Ал муниципалитеттің жылдық жалпы бюджеті небәрі 2,7 миллион еуро болғандықтан, мұндай салмақ жергілікті қаржыға аса ауыр соққы болды.
Қала мэрі Пьер-Ив Боннивардың айтуынша, бюджет қаржысының 40 пайызына дейін зиян шегіп отырған тау шаңғысы инфрақұрылымын ұстап тұруға жұмсалған. Бұл Франциядағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамаға қайшы келіп, префектураның араласуына себеп болған. Нәтижесінде билік шығынды шұғыл қысқартуды, тіпті көтергіштердің бір бөлігін немесе барлығын жабуды талап еткен.
Жағдайды қиындатқан тағы бір жайт – Сен-Коломбан-де-Виллар курортының 2003 жылдан бері мүше болып келген Les Sybelles біріккен шаңғы аймағынан шығуы.
Ски-пасс сатуды ұйымдастыру үшін кассалар мен билет жүйесіне бір маусымда 36-41 мың еуро қажет болса, болжанған табыс бар болғаны 18 мың еуродан аспайтыны белгілі болған.
Іс жүзінде біз үшін ақы алмау әлдеқайда арзан, - деді қала мэрі.
Муниципалитеттің есебінше, тегін форматқа көшу 150-200 мың еуро көлемінде шығынды талап етеді. Бұл өткен қыспен салыстырғанда шамамен бес есе аз.
Биылғы маусымда курорт шектеулі режимде жұмыс істейді: екі көтергіш пен балаларға арналған шағын трасса ғана ашық. Негізгі мақсатты аудитория – отбасылар мен шаңғы тебуді енді үйреніп жүргендер. Алайда орташа биіктіктегі қардың тұрақсыздығын ескерсек, бұл форматтың қаншалықты сұранысқа ие болатыны әзірге белгісіз.
Жергілікті билік бұл қысты ұзақмерзімді шешім емес, өтпелі кезең деп бағалап отыр. Мэрдің айтуынша, 1100 метр биіктікте тау шаңғысы спорты климаттың жылдам өзгеруіне байланысты алдағы уақытта мүлде жойылуы мүмкін.
Осы себепті Сен-Коломбан-де-Виллар қазірдің өзінде балама бағыттарды дамытуға кіріскен: қарда жаяу серуендеу, жаяу маршруттар және жазғы туризм. Бұл бағыттар тұрақты сұраныс көрсетіп отыр.
Тегін маусымның қорытындысы көктемде шығарылады. Қаржылық және туристік талдау сәуір айына жоспарланған. Соның нәтижесінде бұл модельді болашақта қайталау немесе өзгерту мәселесі шешіледі.
Әзірге Альпіде сирек кездесетін мүмкіндік – шаңғымен тегін сырғанау қолжетімді болып отыр. Ал курорт басшылығы қарға ғана тәуелді емес, анағұрлым тұрақты даму жолын іздеуді жалғастыруда.

