Қазақстандықтар бір тәулікте АЭС-ке 10 мыңға жуық атау ұсынды
Қазақстанда алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша жарияланған жалпыхалықтық конкурстың алғашқы тәулігінде eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы 9 945 ұсыныс қабылданды. Бұл жөнінде Атом энергиясы жөніндегі агенттік мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Байқау 25 қыркүйек күні сағат 12:00-де басталды. Қосымшаның басты бетіне «АЭС-ке атау ұсыныңыз» атты арнайы баннер орналастырылып, пайдаланушыларға конкурстың басталғаны туралы push-хабарлама жіберілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, болашақ атом электр станциясының атауы тарихи, мәдени және ұлттық мән-маңызға ие болуы қажет. Байқауға кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Ол үшін:
-
қазақ немесе орыс тілін таңдау;
-
өз нұсқасын енгізу;
-
қажет болса, қысқаша түсіндірме жазу;
-
ресми ережелермен танысқанын растау жеткілікті.
Ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан күні сағат 23:59-ға дейін жалғасады. Конкурстың толық ережелерімен Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің ресми сайтында және ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшаларында танысуға болады.
Агенттік өкілдері барлық қазақстандықтарды елдің энергетика тарихына үлес қосып, алғашқы атом электр станциясына лайықты атау ұсынуға шақырды.

