Қазақстандық ЖОО-лар Times Higher Education рейтингіндегі орнын жақсартты
Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында ең көп университеті әлемдік рейтингке енген мемлекет атанды. Times Higher Education World University Rankings 2026 жаһандық тізімінде еліміздің бес жоғары оқу орны бар, ал Назарбаев университеті алғаш рет әлемнің үздік 500 университетінің қатарына кірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Рейтинг мәліметіне сүйенсек, Nazarbayev University 401-500 орындар аралығынан көрініп, қазақстандық жоғары оқу орындарының тарихындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Екінші маңызды жетістік – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өз орнын сақтап, 1201-1500 диапазонында қалуы. Сондай-ақ тізімге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық-зерттеу университеті енді.
Биыл Орталық Азия мен Кавказ өңірінен рекордтық көрсеткіш – бес елдің 17 университеті рейтингке енген. Солардың ішінде Казақстан ең көп оқу орны енген мемлекет болды.
Салыстырып қарасақ, Өзбекстанның төрт университеті, соның ішінде алғаш рет үздік 600-дікке енген Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институты бар. Әзербайжан биыл тізімдегі жоғары оқу орындарының санын екі есе көбейтіп, төрт университетімен танылды. Ал Грузияның үш оқу орны рейтингке енді.

