Жаңалықтар

Қазақстандық жолдардың қысқы мерзімге дайындығы талқыланды

Қазақстандық жолдардың қысқы мерзімге дайындығы талқыланды
24.09.2023 23:37 877

Жолдардағы қауіпсіздік дегеніміз – үнемі назар аударуды және күтімді қажет ететін маңызды аспектілердің бірі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қыс кезінде ауа-райының құбылмалығынан қауіпті болуы мүмкін деген жолдарда қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету қажет. Яғни, автожолдардың қысқы мерзімге дайындығы маңызды рөлге ие. Жоғарыда аталған тақырып ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінде талқыға салынды. Кеңеске Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин жетекшілік етті.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «ҚАЖсервис» ЖШС өкілдері республикалық жолдардың қысқы кезеңге дайындығын баяндады.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменттері мен әкімшілік полицияның қатысуымен жүргізілген комиссиялық тексерудің нәтижесі бойынша техниканың 80%-ы қысқы маусымға дайын. Бүгінгі күні жалпы саны 1050-ді құрайтын техниканың 838-і жарамды күйде. Сонымен қатар, «КАЖсервис» ЖШС 214 бірлік техниканы жалға алу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізіп жатыр.

Автомобиль жолдары комитетінде техниканың дайындығы жеткіліксіз екендігі байқалған аймақтар да анықталды. Атап айтқанда, Абай, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарының қысқы мерзімге дайындығы қанағаттанарлықсыз болған. Аталған өңірлердегі дайындықты қолдау және нығайту жұмыстары басты назарда болады.

Жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін техниканы дайындап қана қоймай, көктайғаққа қарсы материалдың көлемі жеткілікті болуы тиіс. Материалдарды жинау – бұл қыста жолдарда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етудегі маңызды қадам.

Өндірістік базаның 520-дан 497-і дайындалды. Бұл жалпы санның 96%-ын құрайды.

Дайындық жүргізіліп жатқан жерлерден 13,8 мың тонна көлемінде көмір жеткізуге шарттар жасалды. Қазіргі уақытта 7 мың тонна тұз, 10,7 мың текше метр көлемінде ұнтақ пен 51,4 мың куб метр құм дайындалды.

Кеңеске қатысушылар жалпы ұзындығы шамамен 1 мың шақырым болатын реконструкция мен күрделі жөндеуден өткен республикалық маңызы бар автожол учаскелерін пайдалануға беру жоспарланып отырғаны туралы да сөз өтті. Аталған үдеріс қосымша ресурстарды, оның ішінде өндірістік базалар мен жол-пайдалану техникасын және штат санын ұлғайтуды қажет етеді.

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етудің маңыздылығын еске салды. Себебі, қыс – тек жүргізушілер үшін ғана емес, сонымен қатар, кез келген ауа-райында жолдардағы қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ететін жол саласындағы қызметтер үшін де сынақ. Осыған байланысты ведомство басшысы Төлеген Абдуллин Қазақстанның автожолдарын 2023-2024 жылдардағы қысқы мерзімге дайындау үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «ҚАЖсервис» ЖШС-ге бірқатар маңызды тапсырмалар берді.

Техниканың қысқы мерзімге дайындығы мен көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті болуы - басты шарт. Комитет төрағасының тапсырмасы бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ биыл 15 қазанға дейін қысқы техниканың қажетті мөлшерін қамтамасыз етуі тиіс. Реконструкциядан кейін жаңа учаскелерді пайдалануға беруді ескере отырып, қысқы техниканы ұтымды қолдану маңызды мәселе деп танылды. Шнекороторларға техникалық қызмет көрсету де басты назарда болмақ. Қыс мезгілінде қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге тиіс деп танылған айналма жолдардың жай-күйіне ерекше назар аударылады.

Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мен «ҚАЖсервис» ЖШС және «Ақылы автомобиль жолдарының дирекциясы» филиалымен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін республикалық маңызы бар автожолдарды қысқы мерзімде күтіп ұстау туралы жоспар әзірлеу тапсырылды. Яғни, ол ақылы учаскелерді қоса алғанда, өндірістік базалар мен қысқы күтімге арналған материалдардың дайындығы туралы ақпаратты қамтуы тиіс.

Сонымен қатар, қыс айларында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төлеген Абдуллин тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды және филиал директорлары деңгейінде жауапты тұлғаларды тағайындауды тапсырды.

«Ең бастысы – қолайсыз ауа-райында жедел әрекет ету мен жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігі үшін үйлесімді іс-қимылдарды қамтамасыз ету. Яғни, қысқы мерзімге дайындығы жеткіліксіз өңірлерде әзірлікті нығайту бойынша жұмыстарды жалғастыру және материалдардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Қыс айларында тиімді жұмыс істеу – қозғалыс қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушылардың жайлылығы мен сенімділігіне ықпал етеді», – деп атап өтті ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға