Қазақстан шахмат федерациясы

Қазақстандық жас шахматшы екі дүркін әлем чемпионы атанды

Алматылық 13 жастағы шахматшы Марк Смирнов екінші рет әлем чемпионы атанды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясы хабарлады, деп жазады El.kz интернет порталы.

Марк Албанияның Дуррес қаласында өткен World Youth Chess Championships 2025 жарысында жеңіске жетті.

Былтыр ол 12 жасқа дейінгілер санатында (U12) алтын алған болатын. Биыл 14 жасқа дейінгілер (U14) арасында өнер көрсеткен Марк тағы да қарсыластарының бәрінен басым түсті. Соңғы тур алдында қазақстандық шахматшы рейтинг фавориті – қытайлық Цзян Хаочэннен жарты ұпайға алда тұрды.

Шешуші партияда Смирнов тек жеңіс үшін ойнап, поляк қарсыласы Петр Бжезинаны небәрі 34-жүрісте жеңілісін мойындауға мәжбүр етті.

Осылайша, Марк Смирнов екі дүркін әлем чемпионы атанып, халықаралық шебер нормативін екінші рет орындады, - делінген федерация хабарламасында.

Айта кетсек, бұл - қазақстандық шахмат тарихындағы ең ірі жетістіктердің бірі. Отандық шахматшылар Албанияда жалпы үш медаль еншіледі:

екі алтын — Марк Смирнов пен Эдгар Мамедовке,
бір күміс — Сауат Нұрғалиевке бұйырды.