жеке мұрағат

Қазақстандық жас ғалым алғаш рет шық пен қырау температурасының эталонын жасады

Қазақстандық жас ғалым халықаралық деңгейде мойындалған бірегей құрылғы жасап шығарды. Өлшем бірліктерінің дәлдігіне жауапты метрология саласында еліміз алғаш рет шетелге тәуелділіктен арылуға қадам басты. «ҚазСтандарт» РМК-ның 27 жастағы жас ғалымы Асылбек Жұмағали газ ылғалдылығы бойынша эталонды жаңғыртуға мүмкіндік беретін қанықтырғышты әзірлеп, халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Бұл құрылғы шық пен қырау температурасының өлшем бірліктерін Қазақстан аумағында өз бетінше қалпына келтіруге жол ашып, елдің ғылыми және технологиялық тәуелсіздігін нығайтпақ.  El.kz тілшісі жас ғалыммен сұхбаттасып көрген еді.

El.kz: Алдымен өзіңіз туралы қысқаша таныстырып өтсеңіз. Ғылым жолына келуіңізге не түрткі болды? Неліктен дәл метрология саласын таңдадыңыз?

Асылбек Жұмағали: Қазір «ҚазСтандарт» РМК-ның №2 зертханасының бас маманы болып жұмыс істеп жүрмін. Өзім Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылының тумасымын. 6-сыныптан бастап Петропавл қаласындағы Әбу-Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернатта оқыдым. Ғылымға қызығушылығым жоғарғы сынып аралығында мектеп қабырғасында басталды, облыстық физика пәнінен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар иелендім және республикалық конкурсқа жолдама алдым.  Байқоңыр қаласында ғарышқа байланысты халықаралық олимпиадаға ғылыми жобамен қатыстым.

Кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсіп, «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығын таңдадым. Студент кезімде өндірістік және дипломдық практикаларды қазіргі жұмыс істеп жатқан мекеме сол кездегі «ҚазИнМетр» РМК-де өттім. Практика барысында қызметкерлер менің біліктілігімді байқап, бағалап, осы салада жұмыс істеуімді ұсынды. Одан бері 6 жыл өтті, сол мекемеде жұмысымды жалғастырып жатырмын.

El.kz: Қазіргі уақытта қандай ғылыми жобамен айналысып жатырсыз? Сіз әзірлеген қанықтырғыш құрылғысының негізгі ерекшеліктері қандай?

Асылбек Жұмағали: Қазіргі уақытта негізгі жобам – газ ылғалдылығының өлшем бірліктері бойынша эталонды жетілдіру болып табылады. Біз әзірлеген қанықтырғыштың басты ерекшелігі – оның көлемінің шағындығында, ол 4 литрлік ваннаға орналастырылады, ал бұрынғы қанықтырғыштар 16 литрден бастап 167 литрге дейінгі көлемде болатын.

Бұрын ылғалдылық мөлшерін анықтау үшін ылғалды газ бен құрғақ газды араластырып алатынбыз, алайда бұл технология дәл мәнді алу қиындықтарына әкелетін. Себебі әр газдың шығу көлемін дәл білу қажет еді. Қазіргі технология бойынша қанықтырғыш термостатқа орналастырылады, ал термостаттың температурасы дәл бақылауда болады. Осылайша, қанықтырғыштан шығатын ылғалды газдың температурасы термостаттағы температураға сәйкес келеді, бұл өлшеудің дәлдігін айтарлықтай арттырады.

El.kz: Осы қанықтырғыштың көмегімен Қазақстан алғаш рет шық пен қырау температурасының эталондық бірліктерін өз бетінше жаңғырта алады деп отырсыз. Бұл еліміз үшін қандай нақты артықшылықтар береді?

Асылбек Жұмағали: Иә, Қазақстан алғаш рет шық пен қырау температурасы бойынша эталондық бірліктерді өз бетінше жаңғырта алады. Біз эталонды жасап қана қоймай, оны халықаралық салыстыруларға қатысу арқылы өлшемдік көрсеткіштердің дәлдігін дәлелдедік. Бұл Қазақстанға өз мемлекеттің ішінде және басқа елдерге калибрлеу қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Осының арқасында еліміз сырттан тәуелсіз болып, өлшеу құралдарын калибрлеу мен сертификаттау саласында халықаралық деңгейде сенімділікке ие болады. Бұл өнеркәсіп пен ғылымның дамуына, сондай-ақ экспорттық мүмкіндіктердің кеңеюіне нақты артықшылықтар береді.

El.kz: Жобаның ғылыми жаңашылдығы қай деңгейде мойындалды? Бұл бағытта қандай ғылыми мақалалар жарық көрді?Жобаның бірегейлігіне байланысты, қандай мақалалар жарияланды? Патент алу процесі қалай өтті?

Асылбек Жұмағали: Жобаның бірегейлігі мен ғылыми жаңашылдығын дәлелдеу мақсатында халықаралық деңгейде танымал Scopus дерекқорында, жоғары Q2 рейтингінде Bureau International des Poids et Mesures атынан мақала жарияланды.

Сонымен қатар, пайдалы модельге республикалық патентке өтінім беріп, патент алдық. Патент алу процесі шамамен 1,5 айға созылды және ол сәтті аяқталды. Бұл ғылыми және техникалық жаңалықтардың заңды қорғалуына мүмкіндік беріп, жобаның коммерциялық және ғылыми құндылығын арттырады.

El.kz: Қанықтырғышты әзірлеу барысында қандай ғылыми немесе техникалық қиындықтарға тап болдыңыз? Осы қиындықтарды жеңуде халықаралық тәжірибе немесе серіктестік қандай рөл атқарды?

Асылбек Жұмағали: Қиындықтар туралы айтқанда, ең алдымен жобаның іске асатынына деген күмән мен қорқыныш болды. Теория мен практика әрқашан бірдей бола бермейді, сондықтан бастапқыда нәтижеге сенім аз болды.

Осы кезеңде мен Финляндия мен Түркиядағы ұлттық метрология орталықтарында жұмыс істейтін ғылыми қызметкерлердің пікірін сұрап, олардың тәжірибесін зерттедім. Бұл кеңестер мен қолдаулар идеяны жүзеге асыруға үлкен көмек болды және жобаның табысты болуына ықпал етті.

El.kz: Бұл зерттеу жұмысы қанша уақытқа созылды және сіз оны кімдермен бірлесіп жүзеге асырдыңыз? Жобаның халықаралық салыстыруға қатысуы оның сенімділігі мен сапасына қалай әсер етті?

Асылбек Жұмағали: Зерттеу жұмыстары үш жылға созылды. Бірінші жылы аналитикалық жұмыстар жүргізілді, екінші жылы компьютерлік модель жасалып, сонымен қатар нақты прототип құрылды. Үшінші жылы эксперименталды зерттеулер өткізіліп, халықаралық салыстыру ұйымдастырылды.

Халықаралық салыстыру «Физика-техникалық және радиотехникалық өлшемдер жөніндегі Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институты» Иркутск қаласының ғылыми-зерттеу ұйымымен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл ынтымақтастық жобаның сапасын және халықаралық деңгейдегі сенімділігін арттырды.

El.kz: Бұрын шетелде жасалатын калибрлеу жұмыстарының Қазақстанда жүзеге асырылуы бюджеттік және уақыттық тұрғыда қаншалықты тиімді? Бұл үдерістің отандық кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдарға қандай нақты пайдасы бар?

Асылбек Жұмағали: Бұрын техникалық құралдарды шетелге калибрлеуге жіберу өте қауіпті процесс болды. Біріншіден, тасымалдау кезінде қымбат эталондық құралдардың зақымдану немесе сынып қалу қаупі жоғары еді, бұл үлкен шығындарға әкелетін. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан бұл үдеріс қымбатқа түсетін және көп уақыт талап ететін.

Қазақстанда калибрлеу мен тексерулерді өзімізде іске асыру бюджеттік шығындарды айтарлықтай азайтады және уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл өндірістік процестердің тиімділігін арттырып, қызмет көрсету сапасын жақсартады. 

El.kz: Жас ғалым ретінде Қазақстанда сіз секілді зерттеушілер үшін қандай мүмкіндіктер бар деп ойлайсыз? Ғылыммен айналысуға жастарды не ынталандыруы керек және қандай қолдау тетіктері маңызды?

Асылбек Жұмағали: Жас ғалымдардың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру үшін гранттық қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет. Сонымен қатар, ынталандыру ретінде жеткілікті деңгейде үстемақы қарастыру маңызды. Бұл жас зерттеушілердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді.

Мен өз тәжірибемде сауда және интеграция министрлігінің бағдарламалық нысаналы қаржыландыру шеңберінде үш жыл бойы ғылыми жобаға қатысып, үлкен тәжірибе жинадым. Мұндай қолдау жас ғалымдарға өз идеяларын жүзеге асыруға және кәсіби деңгейде өсуге мүмкіндік береді.

El.kz: Алдағы уақытта осы қанықтырғыш үлгісін кеңінен қолдану немесе экспортқа шығару жоспарыңыз бар ма? Бұл құрылғы Қазақстанның метрология саласын халықаралық нарықта танымал етуге қаншалықты ықпал ете алады?

Асылбек Жұмағали: Иә, болашақта осы қанықтырғыш үлгісін өндірістік және экспорттық деңгейде қолдану жоспарымыз бар. Егер басқа ұйымдар бұл технологияға қызығушылық танытса, біз өз көмегімізді ұсынып, ынтымақтастыққа дайынбыз. Бұл жобаның таралуы еліміздің метрология саласының дамуына және халықаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.