Жаңалықтар

Қазақстандық және шетел соттарының тапсырмаларын Жоғарғы сот қарайды

Қазақстандық және шетел соттарының тапсырмаларын Жоғарғы сот қарайды
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 14.03.2024 10:10 1096

Бүгінгі Сенат отырысында «1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының арасындағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш шарт азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетудің, құқықтық қарым-қатынас жасаудың тәртібін айқындап, екі елдің заңды және жеке тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Қадырбектің сөзінше, қаралып отырған хаттамамен шарттың 4-бабын жаңа редакцияда жазу ұсынылады.

Шарттың қолданыстағы 4-бабына сәйкес құқықтық көмек көрсету саласында Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы бір-бірімен екі елдің Әділет министрлігі және Бас прокуратурасы арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырып келді. Алайда шарт тараптарының ұлттық заңнамасы, мемлекеттік органдардың құзыреті, олардың атаулары өзгеріп отырады. Атап айтқанда, Қазақстанның қылмыстық процестік және азаматтық процестік заңнамаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, қазақстандық және шетел соттарының тапсырмаларын орындау, жеке және заңды тұлғалардың құқықтық көмек көрсету жөніндегі өтініштерін қарау функциясы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотына берілді. Тиісінше аталған функцияларды Жоғарғы сот жүзеге асырады, - деп атап өтті Сенат депутаты.

Хаттаманы ратификациялау шарт тараптарының құқықтық көмек көрсету саласында тағайындалған құзыретті орталық органдары туралы хабарлау процесін жетілдіру арқылы Қазақстан мен Литва азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін болады.

Мұрат Қадырбектің айтуынша, бүгінде Қазақстан алыс және жақын шетел мемлекеттерімен азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы 17 халықаралық шартты ратификациялаған, оның ішінде: 15-і – екіжақты, екеуі көпжақты шарт болып табылады. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2020-23 жылдар аралығында құқықтық көмек көрсету бойынша екі ел арасында 225 өтініш түсіп, сұрау жіберілді, соның ішінде Литва тарапынан - 90, Қазақстан тарапынан - 135. Екіжақты сұраныстардың барлығы орындалған.

Осы орайда аталған шарт азаматтарға құқықтық даулар мен басқа да құқықтық мәселелер туындаған жағдайда қажетті құжаттарын рәсімдеу мен басқа да құқықтық көмек алу тұрғысынан өте маңызды. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына сәйкес хаттама ратификациялауға жатады, - деді ол.

Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабы 4-тармағына сәйкес мақұлдауды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға