Арман Мухатов

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

22.08.2025 17:00

Бүгін Астанадағы антикоррозиялық және отқа төзімді материалдар шығаратын «ВМП Астана» зауытында баспасөз туры өтті. Іс-шараға БАҚ өкілдері қатысып, кәсіпорынның жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

19 тамыз күні елордадағы №1 Индустриялық парк аумағында орналасқан «ВМП Астана» зауытының іске қосылғанына үш жыл толды. Бұл кәсіпорын – Қазақстандағы антикоррозиялық және өртке қарсы өнеркәсіптік жабындыларды жылына 5 000 тоннаға дейін өндіретін жалғыз зауыт.

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Суреттер: Арман Мухатов

Зауыттың құрылысы 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің экономиканы дамыту мен елді индустрияландыруға бағытталған тиімді өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыру жөніндегі тапсырмасы аясында басталған еді. Кәсіпорынның салтанатты ашылуы 2022 жылдың тамыз айында өтті.
 
Үш жыл ішінде «ВМП Астана» зауытында тұрақты даму көрсеткіштері байқалды. 2022 жылы кәсіпорында 353 тонна өнім шығарылса, 2023 жылы өндіріс көлемі 10 есеге артып, 3 442 тоннаға жетті. 2024 жылы 2 834 тонна жабын өндірілді. Бүгінде зауытта 100-ге жуық білікті маман еңбек етуде.
 
Зауыттың өнімдері металл мен бетонды ұзақ мерзімді қорғауға мүмкіндік беріп, нысандардың өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін арттырады. Кәсіпорынның тапсырыс берушілері қатарында еліміздің ең ірі компаниялары бар: Теңізшевройл (ТШО), Карачаганак Петролеум Оперейтинг (КПО), «ҚазМұнайГаз» АҚ және оның еншілес ұйымдары (Атырау МӨЗ, Павлодар МХЗ), NCOC және мұнай-газ бен металлургия саласының басқа да жетекші кәсіпорындары.

Баспасөз-туры барысында зауыттың тарихы, құрылу кезеңдері мен өндірістік қуаты таныстырылды. Заманауи жабдықтармен жасақталған өндірістік цех көрсетіліп, өнімнің жасалу технологиясы көрсетілді. Кәсіпорын өнімдері бүгінде Қазақстанның мұнай-газ, металлургия және құрылыс салаларында кеңінен қолданылады.

Сонымен қатар зауыт басшылығы мен жетекші мамандар қатысушыларға алдағы даму жоспарлары туралы айтып берді.

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Суреттер: Арман Мухатов

«ВМП Астана» ЖШС бас директоры Гүлмира Баймағанбетова өндірістің стратегиялық маңызын атап өтті.

Біздің зауыт – бұған дейін толығымен импортқа тәуелді болған өндірісті табысты жергілікті деңгейде жолға қоюдың жарқын үлгісі. Біз халықаралық жоғары сапа стандарттарына сай өнім шығарып, оны еліміздің ең ірі өнеркәсіптік нысандарына жеткізіп отырғанымызды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді қолдау – Қазақстанның индустриялық секторын әрі қарай дамыту мен экономикалық тәуелсіздігін нығайтудың басты кепілі деп санаймыз, – деді ол.

Гүлмира Баймағанбетованың айтуынша, кәсіпорын өнім өндірудің үш кезеңдік сапа бақылау жүйесін қолданады.

Бірінші кезеңде шикізат қабылданып, зертханада сапасы тексеріледі. Егер барлық көрсеткіштер стандартқа сай болса, ол өндіріс процесіне жіберіледі. Екінші кезеңде өнім дайындалып жатқан кезде технологиялық картаға сәйкес бақылаудан өтеді. Соңғы кезеңде дайын өнім қайтадан зертханада тексеріліп, сапа паспорты берілгеннен кейін ғана қаптамаға құйылып, қоймаға жіберіледі. Осылайша, біздің өнім үш деңгейлі қатаң бақылаудан өтеді, – деді бас директор.

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Сурет: Арман Мухатов

Оның сөзінше, бір өнімнің дайындалу уақыты технологиясына байланысты 4-8 сағатты құрайды. Кәсіпорынның тәуліктік өндірістік қуаты шамамен 20 тонна, ал жылдық көлемі 5 мың тоннаға дейін жетеді.

Сонымен қатар зауыт бүгінгі таңда шетелдік нарықтарға да өнім жеткізе бастаған. 

Өніміміздің сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес болғандықтан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы және Түркия тарапынан сұраныс бар. Әсіресе Түркиядағы атом энергетикасына арналған нысандарға жеткізу біз үшін үлкен мәртебе, – деді Гүлмира Баймағанбетова.

Алайда ол зауыттың негізгі мақсаты – ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз ету екенін айтады.

Қазір біздің өнім Қазақстанның мұнай-газ, энергетика және құрылыс саласындағы ірі компанияларға жеткізіліп жатыр. Дегенмен, жалпы ішкі нарықтағы үлесіміз әзірге небәрі 3 пайызды ғана құрайды. Сондықтан біз мемлекеттен және ұлттық компаниялардан отандық өнімді қолдауды сұраймыз, – деді кәсіпорын басшысы.

Бас директордың айтуынша, зауыт мемлекеттің қолдауымен ғылым қорының грантын алып, жаңа зертханалық жабдықтар мен бояу түрлерін шығаруға арналған технологиялық құрал-жабдық орнатқан. Сондай-ақ компания кадр даярлау ісіне ерекше көңіл бөлуде. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен жасалған келісім аясында студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, кейін тұрақты жұмысқа қабылданып жүр. 

Біздің өнім еуропалық үлгідегі сапа стандарттарына сай келеді. Біз шетелдік аналогтардан кем түспейміз, керісінше баға мен жеткізу жылдамдығында артықшылыққа иеміз. Егер импорттық өнімдер Қазақстанға 2-3 айда жетсе, біз өз өнімімізді еліміздің кез келген өңіріне 4-5 күн ішінде жеткізе аламыз. Болашақта өндірістік қуатты тәулігіне 50-100 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз, – деді Гүлмира Баймағанбетова.

Ал «ВМП Астана» зауытының Сапаны бақылау бөлігінің инженері Дариға Атахан өнімдердің бірнеше кезеңнен тұратын зертханалық сынақтан өтетінін атап өтті. 

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Суреттер: Арман Мухатов

Зауытта шығарылатын әрбір өнім бірнеше кезеңді зертханалық сынақтан өтеді. Мысалы, біз қазір шығарып жатқан Политон-УР (УФ) өнімі кем дегенде 8-9 түрлі зерттеуден өтеді. Ең алдымен материалдың температурасы өлшеніп, стандартқа сәйкестігі тексеріледі. Одан кейін оның тығыздығы, қоюлығы, түсінің сәйкестігі және кептіру уақыты анықталады. Әр жабынның үлгісі арнайы жағдайларда – бөлме температурасында (20–22°С) және термостатта (25°С) сынақтан өткізіледі. Өнім түріне байланысты сынақтардың саны әртүрлі: кейбірінде 8-9, ал кейбірінде 12-15-ке дейін зерттеу жүргізіледі, – деді ол.

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Сурет: Арман Мухатов

Зауыттың негізгі өнімдеріне Политон-УР (УФ), ИЗОЛЭП-mastic, ИЗОЛЭП-mio, ИЗОЛЭП-primer және ИЗОЛЭП-oil жатады. Бұл материалдар металл конструкцияларды ұзақ жылдар бойы сенімді қорғап, өндірістік нысандардың беріктігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Кәсіпорын жұмысшылары арнайы қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етіледі. Қызметкерлерге маска, арнайы киім мен көзілдірік беріледі. Сонымен қатар, мекеме тарапынан қосымша демалыс қарастырылған. Жұмысшылар тек міндетті медициналық сақтандырумен ғана емес, қосымша ерікті медициналық сақтандырумен де қамтылған. Келісімшарт негізінде олар серіктес клиникаларда тегін ем қабылдай алады.

Кәсіпорында төрт ауысымды бригада жүйесі енгізілген. Қызметкерлер екі күн жұмыс істеп, екі күн демалады. Жұмыс орны қала сыртында орналасқандықтан, мекеме қызметкерлерді үйлеріне тегін жеткізіп, қайта әкелуді ұйымдастырады.

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Қазақстандық зауыт Түркия атом станцияларына өнім жеткізе бастады

Суреттер: Арман Мухатов

Зауытқа университетті жаңа тәмамдаған жас мамандар көптеп тартылған. Жұмысшылардың ең жасы 22-23-те. Ең үлкен қызметкердің жасы шамамен 50-де. Қазіргі таңда мұнда 87 адам жұмыс істейді. Тапсырыс көлеміне қарай жұмысшы саны көбейіп немесе азаюы мүмкін.

Кәсіпорын тек әлеуметтік қолдау шараларымен ғана шектелмей, қызметкерлерінің ұжымдық байланысын арттыруға да көңіл бөледі. Жыл сайын мекеме туған күніне орай тимбилдинг ұйымдастырылып, биыл үшінші рет өткізілді.

Осылайша, «ВМП Астана» зауыты елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, импорттық материалдарға тәуелділікті азайтуға және стратегиялық нысандарды салу мен пайдалануда жоғары сапа мен қауіпсіздік стандарттарын енгізуге ықпал етуде.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде 384 асфальтбетон зауытына кешенді тексеру жүргізілгені жайлы жазған едік.