Қазақстандық туристер неге Рас-эль-Хаймаға құмар?
Біріккен Араб Әмірлігіндегі шағын ғана курорттық аймақ былтыр қонақ күту мен қаржылық табыстан рекорд орнатты. Ең қызығы – мұндай жетістікке жетуіне қазақстандық туристер тікелей себепкер болған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жалпы аумағы 64 шақырымды құрайтын шағын арал қазіргі таңда туристерді қабылдау мен қызмет көрсету сапасы бойынша өзге мекендерден оқ бойы озып тұр. Былтырдың өзінде 2,5 миллионға жуық демалушыны қабылдап, әмірліктегі рекордты орнатты.
Жаңға жайлы таза ауасы мен толқынды жағажайы қазақстандық туристердің де оң бағасына ие болған. Бұған дәлел, Рас-эль-Хайманы таңдайтын отандастарымыздың саны жыл сайын 8,3 пайызға артып отырған. Сондай-ақ табыстың да басым бөлігі жерлестеріміздің қалтасынан түскен екен. Себебі, қазақстандық демалушылар көбіне бес жұлдызды қонақ үй мен толыққанды сервистік қызметті таңдайды.
Өзіне баурайтын тағы бір ерекшелігі – логистикалық тұғыда өте ыңғайлы болып тұр. Мәселен, Астана мен Алматы қаласынан Дубай немесе Абу-Дабиге қатынау бар болғаны 4 сағатты құрайды. Ал Рас-эль-Хайма қос қаланың әуежайынан 40 минуттық жерде орналасқан.
Көптеген қазақстандық әмірлікке арнайы Suwaidi Pearls Farm маржан фермасын көру үшін келетінін айта кеткен жөн. Себебі мұнай кен орындары ашылмай тұрып, маржан жинау БАӘ экономикасының негізгі табыс көздерінің бірі болған.
Алдағы уақытта танымал брендтермен стратегиялық серіктестік арқылы әмірліктегі қонақүй бөлмелерінің саны екі есе ұлғайып, 7 000 жаңа нөмір пайда болады деп жоспарланып отыр. Бұл өзгерістер Рас-әл-Хайманы халықаралық туристер үшін одан да тартымды орынға айналдыруға мүмкіндік береді.

