Қазақстандық теннисші төрт жылдық үзілістен кейін кортқа оралады
Галина Воскобоева үлкен теннис алаңына қайта оралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстандық теннисші Галина Воскобоева кәсіби мансабын қайта жандандырып, төрт жылдық үзілістен кейін кортқа оралмақ. 40 жастағы спортшы WTA 500 санатындағы турнирде, АҚШ астанасы Вашингтонда өтетін жарыста жұптық сында өнер көрсетеді.
Галина турнирге ресейлік Камилла Рахимовамен жұп болып тіркелген. Сонымен қатар ол АҚШ-тағы бірнеше турнирге қатысып, US Open «Үлкен дулыға» жарысына дейін ойын тәжірибесін толықтыруды жоспарлап отыр.
Воскобоева мансабының ең жоғары кезеңінде WTA рейтингінде 42-орынға (мамыр 2012) көтерілген. Ал жұптық сында 2012 жылдың тамызында 26-орынға дейін жеткен. Ол Australian Open мен Ролан Гаррос турнирлерінде екі реттен жұптық жарыстың ширек финалына шыққан. Қазақстан құрамасы сапында 32 матч өткізген.
Галина Воскобоева WTA турниріндегі соңғы ресми ойынын 2021 жылы өткізген болатын.

