Жаңалықтар

Қазақстандық тауарларға шетелдік сатып алушыларды табуға көмектеседі

Қазақстандық тауарларға шетелдік сатып алушыларды табуға көмектеседі
Фото: pixabay.com 23.01.2023 10:52 1225

Қазақстанда «Экспорттық акселерация 2023» бағдарламаларына қатысу, отандық тауар өндірушілерді Alibaba халықаралық электрондық платформасына шығару, сондай-ақ халықаралық сауда іс-шараларына қатысу үшін кәсіпкерлерді іріктеу басталады. Жобаларды ҚР Сауда және интеграция министрлігі QazTrade-мен бірлесіп жүзеге асыруда, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Биыл «Экспорттық акселерация» бағдарламасы аясында экспорттық әлеуеті жоғары 110 қазақстандық компания іріктелетін болады. Бизнес өкілдерінің өтінімдері 2023 жылғы 23 қаңтардан бастап қабылдана бастайды.

«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы Бас директорының орынбасары Әсел Егембердиеваның айтуынша, қатысушыларды екі топқа бөлу көзделуде: «экспортқа жаңадан келгендер» және «белсенділер».

«Жаңадан келгендер» үшін экспортқа шығуға дайындық үшін оқыту шеберлік сыныптары өткізіледі, қадамдық нұсқаулықтар мен ұсынымдар әзірленеді. Сондай-ақ, тәжірибелі мамандар өз бизнесін диагностикалайды және тауар өндірушілерге ең тиімді өткізу нарығын ұсынады. Дәстүрлі түрде кәсіпкерлер үшін қазақстандық экспорттаушыларды қолдайтын халықаралық консультанттармен, мемлекеттік ведомстволармен кездесулер ұйымдастырылады», - деп түсіндірді Әсел Егембердиева.

Өз кезегінде жұмыс істеп тұрған экспорттаушы компаниялар белсенді В2В келіссөздерге қатыса алады, соның ішінде оларды жүргізу ережелерін үйренеді. Жыл бойы Кксіпкерлер QazTrade сарапшылары мен халықаралық талдаушылардың сүйемелдеуімен іскер серіктестермен кездеседі.

2023 жылы Қазақстанда шығарылған тауарлар үшін басым нарықтардың тізбесі айтарлықтай кеңейді. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжан сияқты қазақстандық экспортқа арналған дәстүрлі елдерден басқа отандық тауар өндірушілерге Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам нарықтары ұсынылатын болады.

Сонымен қатар, отандық өндірушілер Alibaba халықаралық сауда алаңы арқылы жаңа нарықтарды игеруде тегін көмек ала алады. Экспорттаушыларды қолдау шаралары ретінде 70 отандық компанияға осы платформада 1 жыл мерзімге «Gold Supplier» мәртебесі бар аккаунт беріледі. Арнайы өнім берушінің мәртебесі кәсіпкерлерге жаһандық аудиторияға қол жеткізуге және тауарлардың шетелде танылуын арттыруға мүмкіндік береді.

Экспорттаушыларды сервистік қолдау шеңберінде 10 елде сауда-экономикалық миссияларын өткізу, сондай-ақ басым елдерде бірыңғай ұлттық стенд форматында халықаралық көрмелерде экспорттық әлеуетті таныстыру жоспарланған. Іс-шараның негізгі мақсаты - қазақстандық кәсіпорындар мен әлеуетті импорттаушылар, трейдерлер мен дистрибьюторлар арасында тікелей байланыс орнату және сауда қатынастарын жандандыру.

2022 жылдың қорытындысы бойынша QazTrade бағдарламаларына қатысушылар 700 млн. доллардан астам сомаға тауарлар мен қызметтерді жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасты. Олардың өнімдері бүгінде Ресей, Қытай және Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына сәтті экспортталуда.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға