Қазақстандық Таиландтан келген ерекше жөнелтілім үшін 16 жылға сотталды
Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысында аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Еске салсақ, Алматы облысы Іле ауданының «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне жалпы салмағы 800 граммға жуық каннабис сығындысы (гашиш майы) есірткі заты бар пошта жөнелтілімі келіп түскен.
ҚМА дерегінше, жедел іс-шаралар барысында күдіктінің Telegram мессенджерін пайдаланып, Таиландтан есірткіге тапсырыс бергені белгілі болды.
Пошта жөнелтілімін ашу кезінде косметикалық заттар түрінде жасырылған 8 банканың ішінде есірткі заттары анықталды.
Сот үкімімен кінәлі тұлғаға 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, тәркіленген есірткі жойылды, - делінген мәліметте.
Жалпы, жыл басынан бастап ҚМА контрабанда және есірткі құралдарының заңсыз айналымы фактілеріне қатысты 135 қылмыстық іс тіркеді.
Сонымен қатар 77,1 кг есірткі құралдар, 3,2 кг психотроптық заттар, 206 мың анаболиктер (улы зат) және 1 700 «Тропикамид» көз тамшылары тәркіленді.