ҚМА

Қазақстандық студенттер қаржылық қауіпсіздік олимпиадасында жүлдегер атанды

06.10.2025 02:38

Қазақстандық студенттер Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық олимпиаданың жүлдегерлері атанды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

29 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Красноярск қаласында Қаржылық қауіпсіздік жөніндегі V халықаралық олимпиада өтті. Биылғы шараға әлемнің 40 елінен 600-ден астам қатысушы жиналды.

Олимпиада барысында қатысушылар жастардың заңсыз әрекеттерге тартылу қаупін, соның ішінде дропперлік, киберқауіпсіздік, терроризмді қаржыландыру мәселелерін және осындай қауіптердің алдын алу жөніндегі халықаралық тәжірибені талқылады.

Қазақстан құрамасы атынан еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 10 студенті қатысты. Олардың қатарында Maqsut Narikbayev University, Turan University, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, М.Ауезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері бар.

Қазақстан құрамасының дайындығы Қаржылық мониторинг академиясының (AML Academy) базасында өтті.

Барлық қатысушы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, еліміздің атын халықаралық аренада абыроймен қорғады.

Зияткерлік сайыстардың қорытындысы бойынша үш студент жүлдегер атанып, ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды:

«Құқықтану» бағыты бойынша – Maqsut Narikbayev University студенті Аманбаев Қуаныш;

«Халықаралық қатынастар» бағыты бойынша – Maqsut Narikbayev University студенті Тілектес Мақсат;

«Ақпараттық қауіпсіздік» бағыты бойынша – А.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Каландаров Халил.