Жаңалықтар

Қазақстандық студенттер ХХХІ жазғы Дүниежүзілік студенттік ойындарға қатысады

Қазақстандық студенттер ХХХІ жазғы Дүниежүзілік студенттік ойындарға қатысады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 24.07.2023 12:29 1175

Қазақстан құрамасы сапында 90 студент Қытайда өтетін XXXI жазғы Дүниежүзілік студенттер ойындарына қатысады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

27 шілде - 8 тамыз аралығында Қытайдың Чэнду қаласында XXXI жазғы Дүниежүзілік студенттер ойындары өтеді. Халықаралық спорттық іс-шара Қытайда өтетін үшінші студенттік ойындар, Азияда өтетін он бесінші Дүниежүзілік студенттік ойындар болып табылады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, студенттеріміз жүзу, жеңіл атлетика, семсерлесу, спорттық гимнастика, көркем гимнастика, дзюдо, таеквондо, үстел теннисі, у-шу, оқ ату, садақ ату, дайвинг, су полосы, бадминтон, баскетбол, академиялық есу, үлкен теннис, волейбол секілді 11 спорт түрінен өзара сайысқа түседі. Ел құрамасы сапында 90 студент өнер көрсетеді, сондай-ақ делегация құрамында 20 жаттықтырушы, 2 дәрігер, 1 журналист, 3 штаб өкілі бар, барлығы – 116 адам.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының дене шынықтыру мамандығының 3-курс студенті, Қазақстаның үш дүркін чемпионы, дзюдо күресінен спорт шебері, жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері (Тайланд, Банког) Қаблан Нұрсұлтан (07.07.2003) салтанатты ашылу рәсіміндегі шеруде Қазақстан құрамасының көшін бастап, еліміздің жалауын көтеріп шығады, - делінген мәліметте.

27 шілде күні 20:00-де (Қытай уақытымен) спортшылар қалашығында мемлекеттік ту көтеру рәсімі, 28 шілде ашылу салтанаты, 8 тамыз жабылу салтанаты өтеді. 27 шілдеде біздің спортшылар садақ ату жарысымен студенттік ойындарды бастайды. Еліміздің құрамасы 26 жоғары оқу орнының студенттерінен құралған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға