Жаңалықтар

Қазақстандық шахматшылар әлемдік аренада үздіктердің қатарында

Қазақстандық шахматшылар әлемдік аренада үздіктердің қатарында
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 06.11.2022 12:59 2250

Әлем чемпионаттарында қазақстандық шахматшылар үздік нәтиже көрсетіп жүр. Италияда 20 жасқа дейінгілер арасындағы Әлем чемпионатында күміс медаль алған Әсел Серікбайды әңгімеге тарттық.

Әсел Серікбай – шахматтан 3 дүркін Əлем, 7 дүркін Азия, 17 дүркін Қазақстан чемпионы, WIM – women international master – әйелдер арасында шахматтан халықаралық спорт шебері.

Шахматқа қалай келді?

Ол 2002 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келді. Шахматпен жастайынан айналысады. Алғашқы тренері – Риза Қошқарова.

«Қызылорда қаласындағы №136 Темірбек Жүргенов атындағы мектепте оқып жүргенімде шахматтан аға жаттықтырушы Риза Қошқарова келіп, сыныптағы 10 оқушыны таңдап алды. Бұл кезде алты жаста-тұғынмын. Шахматтың алғашқы әліппесін үйреніп, қызығушылық артып, түрлі айла-амалдарды меңгере бастадық. Қызығушылығым биік мақсаттарға бастады. Түрлі деңгейдегі турнирлерде жүлде алуым ерекше мотивация сыйлады», – дейді Әсел.

Ең алғашқы жүлдесі

2008 жылы 6 жасында шахматтан ең алғашқы жүлдесін алып, «ең жас шахматшы» номинациясын иеленеді.

«Шахматтан алғашқы жарысым Қарағанды қаласында өтті. Ең жас қатысушы болсам да, үздіктердің қатарынан көріндім. Қатарластарым көп болды. Алғашқы жарыста толғаныс пен толқу болды. Жаттықтырушымның қолдауы жігерімді жанып, өз-өзімді жинауға күш берді. Сөйтіп, шахмат өнеріне басқан алғашқы қадамым сәтті басталды», – деді ол.

2015 жылдан бергі Әселді Василий Шимелков баптайды. Әр чемпионатқа қызу дайындық жүреді. Тренерімен бірге түрлі эксперименттер жасағанды ұнатады.

Шеберлікті шыңдау – мақсатым

«Дайындықта шахмат бойынша түрлі деңгейдегі есеп шығарамыз. Қарсыласымның психологиясын зерттеп, оның қадамын ойластырамыз. Барлық шахматшы секілді менің де өзіндік стилім мен стратегиям бар. Шахматтың бір ерекшелігі ойынның жоспарын алдын ала құра алмайсын. Әрбір дұрыс қадам жеңіске жетелейді.

Өмірде адамдар бір нәрсе жасамас бұрын бірнеше жоспар құрады. Шахмат та тура сондай. Алайда шахматта жоспар құрып, ұзақ ойланып отыра алмайсын. Жылдамдық пен шапшандық өте маңызды. Себебі әрбір қадамын, уақытын жазылады әрі ескеріледі», – дейді шахматшы.

Кітап оқу – ақыл тынысы

Шахмат – логика. Иә, шахмат логикалық ойлау тұрғысынан адамның ой-санасының жылдам жұмыс істеуіне оң әсер етеді. Әсел шахматпен 14 жылдан бері айналысып келеді. Ой спортымен қоса, жүзу және музыкалық аспаптарда ойнауды жақсы көреді.

«Жүзу мен музыкаға деген қызығушылығым жоғары. Түрлі аспаптарда ойнаймын. Домбыра аспабын ұнатамын. Өзімді жан-жақтымын деп айта алмын. Бос уақытымда кітап оқуға тырысамын. Орыс ақыны Пушкиннің «Кітап оқу – міне, үйренудің ең жақсы түрі» дегеніндей, шахматта үнемі шыңдалуда кітап оқу маңызды саналады.

Келешекте шахматты үйренгісі келетін жастарға көмектескім келеді», – дейді Әсел Серікбай.

Адамның интеллектуалдық деңгейін көрсететін шахматтың жүйріктері көбейсе, бұл – елдің құты. Себебі ХХІ ғасырда адами капитал бірінші орынға шықты. Ал адами капиталдың сапасын арттыратын бір көрсеткішті шахматшылардың табысымен өлшеуге де болатындай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға