Қазақстандық шахматшылар әлемді мойындатты
Қазақстандық шахматшылар тарихи нәтижеге қол жеткізіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды! 14 жастағы Эдгар Мамедов пен 21 жастағы Бибісара Асаубаева жақын уақытта Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) тарапынан гроссмейстер атағына ресми түрде бекітілмек. Гроссмейстер болу – әлемдік деңгейдегі ең жоғары шахматтық мәртебе екенін ескерсек, біздің спортшылар мансабындағы ең маңызды міндетті орындады десек артық айтқандық емес. Бұл жетістік БАӘ-де өткен беделді Sharjah Masters International Chess Championship 2025 турнирінде тіркелді. Турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен 64 гроссмейстер мен 17 халықаралық шебер қатысты. 🌐 Олардың рейтингтері – 2453 пен 2771 аралығында болды. Қазақстандық шахматшылар осы турнирде тамаша нәтиже көрсетіп, Эдгар Мамедов 24-орын, Бибісара Асаубаева 28-орын, Ринат Жұмабаев 29-орынға ие болды. Бибісара Асаубаева турнирде әйелдер арасында жоғары нәтиже көрсетті. Ол Қытай, Үндістан сынды шахмат алпауыттарының өкілдерін артқа тастап, үздік шықты. Бибісара Асаубаева үшін бұл – үшінші гроссмейстерлік норма екенін айта кету керек. Яғни ол 2500 рейтинг шегін бағындырды. Бұл жетістік оған әйелдер арасынан Қазақстан тарихындағы екінші гроссмейстер атануға мүмкіндік береді. Эдгар Мамедов болса, бұған дейін гроссмейстер нормаларын орындап қойған болатын. Ал осы турнирде ол да 2500 рейтинг шегінен асып, бұл атаққа толық лайық екенін еш күмәнсіз дәлелдеді.