Жаңалықтар

Қазақстандық полицей әйелдер әлемдегі танымал адамдар қатарына енді

Қазақстандық полицей әйелдер әлемдегі танымал адамдар қатарына енді
Фото: Polisia.kz 18.09.2023 19:52 983

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төрт қызметкері әлемнің танымал полицей әйелдерінің қатарына кірді және олар IWPC халықаралық конференциясында еліміздің атынан өкілдік етеді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

ІІМ өкілдері Жаңа Зеландияның Окленд қаласында 17-21 қыркүйек аралығында өтетін “Полициядағы әйелдер” 60-халықаралық конференциясына (“International Women in Policing Conference”) қатысып жатыр. Айта кетейік, жыл сайынғы оқу конференциясына әлемнің 75 елінен 800-ден астам әйел-полицей қатысады. Бұл конференция әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, гендерлік теңдікке және олардың халықаралық көшбасшылығына арналған. Іс-шара ұлттар шеруінен басталды, онда біздің әйелдер делегациясы Қазақстанның туын мақтанышпен көтерді. Делегация құрамына кадр саясаты департаменті бастығының міндетін атқарушы Амина Алмағамбетова, ӘПК ұйымдастыру-талдау жұмысы және бақылау басқармасының бастығы Құралай Карина, ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лейла Әліпбаева және ІІМ Алматы академиясы бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Жанат Дильбарханова кірді.

Қарағанды облысының тумасы Амина Алмағамбетова ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 1999 жылы бастаған. Ведомствода жұмыс істеген 24 жыл ішінде басшылық лауазымдарды атқарды және “Үздік қызметі үшін” наградасына ие болды. Ақмолалық Құралай Карина ІІО-дағы қызметін 1997 жылы бастады. Ол жасөспірімдерге қиын жағдайларда көмектесіп, әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғаған. Әр жылдары басшылық лауазымда болып, көптеген қызметкерге үлгі бола білді. 1969 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген Лейла Әліпбаева 1995 жылы полиция қызметкері боламын деген мақсатына қол жеткізді. Ол өзінің барлық еңбек жолын жасөспірімдермен жұмыс істеуге арнады. Жастардың дұрыс жолдан таймауына үлес қосты. Сонымен қатар әйелдерді үйдегі жанжалқорлардан қорғады.

Жанат Ділбарханова – ғылым және құқық қорғау жүйесі саласында тәжірибеге бай маман. Конференцияға қатысатын Қазақстаннан барған әрбір әйел-полицейде полиция полковнигі атағы бар. Халықаралық полицей әйелдердің конференциясы – құқық қорғау құрылымдарында басшылық лауазымындағы әйелдер арасында тәжірибе, білім және идеялармен алмасу үшін арнайы ұйымдастырылған. Бұл – әлемдегі құқық қорғау саласындағы ең беделді іс-шаралардың бірі.

Конференция әйелдердің құқық қорғау органдарындағы рөлі, басқару мен көшбасшылыққа қатысу, кәсіби өсу мен мансапты дамыту, адам құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылық пен гендерлік теңдікке қарсы тұру туралы сұрақтарды қамтиды.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға