Астанада 7–12 сынып оқушыларына арналған WATER INNOVATION HACKATHON өтті. Бұл жоба ел үшін маңызды бағыт — жер асты суларының тиімді басқарылуына арналған тың идеяларды іздеуге бағытталған алаңға айналды.
Хакатонды елордалық үш оқушы — Ақнұр Нұрбекқызы, Анель Мақсатқызы және Замина Даирқызы қолға алған. Жоба ментор Ботагөз Ибраеваның жетекшілігімен Technovation Girls аясында жүзеге асқан.
Жер асты сулары – көзге көрінбейтін, бірақ экологияға, ауыл шаруашылығына және адамдардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды ресурс. Соған қарамастан, оны бақылау, деректердің ашықтығы мен тиімді пайдалану мәселелері әлі де өзекті. Хакатонның негізгі мақсаты — оқушылардың назарын осы проблемаға аударып қана қоймай, оларды нақты шешім ұсынуға бағыттау.
Біз су және экология мәселелерін өте маңызды деп санаймыз. Оның салдарын өзіміз де көріп отырмыз. Су тапшылығы – бүкіл әлемде өзекті. Сондықтан бұл бағытта нақты әрекетке көшіп, оқушыларға шынайы проблемалармен жұмыс істеуге мүмкіндік бергіміз келді, – деді жоба авторлары.
Бағдарлама екі бағыт бойынша өтті:
– Research Track — аймақтардағы су мәселелерін зерттеу;
– Digital Solutions Track — цифрлық өнімдер мен сервистер әзірлеу.
Жоба аясында қатысушылар гидрогеология, деректерді талдау және IT шешімдерді біріктіріп, өз идеяларын ұсынды. Кейбір өңірлерде жер асты суларының деңгейі төмендеп бара жатқаны да ерекше назарға алынды.
Біз қатысушыларға тек теориямен шектелмей, нақты мәселені зерттеп, оған цифрлық немесе ғылыми шешім ұсынуға мүмкіндік бергіміз келді. Себебі болашақта шешім қабылдайтын буын дәл қазір қалыптасып жатыр, – дейді ұйымдастырушылар.
Хакатонға еліміздің түрлі өңірлерінен 70 команда өтінім берген. Соның ішінен 16 команда финалға шықты. Оның 7-еуі онлайн қатысса, 9 команда жобаларын офлайн қорғады.
Қатысушылардың бірқатары жасанды интеллектіні қолданған жобаларын таныстырды. Кейбір командалар бір ғана қатысушымен шықса да, жоғары деңгейдегі жұмыстар көрсетті.
Финал қорытындысы бойынша:
1-орын — Aquaguard
2-орын — OSHDVAO
3-орын — NovaNomads командасы иеленді.
Жеңімпаздарға Казгидрогеология ұйымында тағылымдамадан өту мүмкіндігі, шетелге түсуге жеңілдіктер мен білім беру курстарына қатысу мүмкіндігі берілді.