Қазақстандық миллиардер Қарағанды футбол федерациясының президенті болып сайланды
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының кезектен тыс конференциясы өтті. Аталмыш шара аясында ұйым президентін сайлау рәсімі өткізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президент лауазымына Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турловты сайлау туралы ұсыныс түсті.
Тимур Турлов төрт жылға арналған стратегиялық бағдарламасын таныстырды. Ал бағдарлама өңірде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболын жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
Тимур Турлов өз сөзінде бұл бағыттар ел футболының құрылымындағы өңірлік федерацияның орны мен рөлі тұрғысынан аса маңызды екенін атап өтті. Ол футболдағы үлкен жетістіктер стадиондардан емес, ауладан, мектеп алаңдарынан және доппен алғашқы жаттығудан басталатынын еске салды.
Футбол дамуы үшін жүйелі тәсілдер, ашық басқару мен нақты нәтижеге бағытталған мақсатты инвестициялар қажет. Осындай тәсіл өңірлік деңгейде де қолданылуы тиіс деп есептейміз. Бұл жергілікті футболға жаңа мүмкіндіктер, инфрақұрылым мен даму келешегін береді.
Бұл тек ортақ жобалар мен іскерлік мүдделерден ғана емес, Қарағанды - ерекше мінезі, дәстүрге бай және спортқа шексіз сүйіспеншілігі бар аймақ. Мұнда футбол - жай ғана ойын емес, бұл - мәдениеттің бір бөлігі, – деді Турлов өз сөзінде.
Бағдарлама бұқаралық футболды дамытуға бағытталған бастамалар, білім беру ұйымдарына арналған жобаларды іске қосу, әуесқой турнирлер жүйесін дамыту, қыздарға арналған футбол фестивальдерін өткізу және өңірдегі елді мекендерде шағын футбол алаңдарын салу сияқты шараларды қамтиды.
2029 жылға дейін өңірлік федерация жобаларына 100-ден астам балабақша мен мектеп, 40 000-нан астам оқушы және 3 600 студент қамтылады деп жоспарланған.
Дауыс беру нәтижесінде Тимур Турловтың ҚОФА президенті лауазымына кандидатурасы бірауыздан мақұлданды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Тимур Турлов Қарағандыда заманауи футбол академиясын салу жобасын таныстырған болатын. Бұл академияда балалар, жасөспірімдер мен қыздар футболмен айналыса алады. Жоба құрамына 3 500 адамға арналған стадион, жыл 12 ай жұмыс істейтін жабық манеж, жылытылатын жаттығу алаңы, жатақхана, медициналық бөлмелермен басқа да инфрақұрылым нысандары кіреді.
Белгілі болғандай, Freedom Holding Corp. компаниясы Қарағанды облысында футболды дамытуға төрт жыл ішінде 18,5 миллиард теңгеден астам инвестиция салады. Оның ішінде 12 миллиарды академия құрылысын қаржыландыруға бағытталса, қалған сома бұқаралық футбол мен резерв дайындауға жұмсалады.

