brod.kz

Қазақстандық кинолар Үндістанда көрсетілді

15.12.2022 04:17

Үндістанның Нойа қаласындағы «Marwah Studios Complex» танымал ойын-сауық индустриясы орталығында режиссері Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» көркем фильмінің кино көрсетілімі өтті, деп хабарлайды El.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара Қазақстанның Үндістандағы Елшілігі мен «Marwah Studios Complex» компаниясымен бірлесіп, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен ұйымдастырды.

Қазақстан-Үндістан кино және мәдениет форумы 300-ден астам көрерменді жинап, олардың қатарына дипломатиялық корпус өкілдері, Үндістан кинематографиясының өнер қайраткерлері, жас және жаңадан бастаған кинематографистер, сондай-ақ біздің отандастарымыз қатысты.

Іс-шара барысында форум қонақтары арасында Абай Құнанбайұлының хинди тіліне аударылған «Қара сөздер» туындысы, сондай-ақ Қазақстан туралы ақпараттық материалдар таратылды.

Сонымен қатар Телангана штатындағы Хайдарабад қаласында белгілі қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық соғысы туралы баяндайтын «Жаужүрек мың бала» картинасы көрсетілді.