24.kz

Қазақстандық инженердің дроны АҚШ-та үздік ондыққа енді

26.11.2025 12:07

Қазақстандық инженер Ерлан Әлімханов әзірлеген «MegaDrone 360» АҚШ-та өткен Defence TechConnect конференциясында үздік ондықтың қатарынан табылды. Әлемнің түрлі елдерінен келген әскери мамандар, өнертапқыштар мен кәсіпкерлер қатысқан ауқымды жиында оның жобасы 200-ге жуық тың әзірлеме арасынан жоғары баға алды. Бұл туралы 24.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы, инженер-дизайнер Ерлан Әлімхановтың «MegaDrone 360» атты дроны – 360 градусқа толық бұрыла алатын вертикалды модулі бар көпфункциялы құрылғы. Бұл модуль дронға сегіз түрлі бағытта қызмет етуге мүмкіндік береді.

Ерлан Әлімханов 2021 жылы АҚШ-тың талантты мамандарға берілетін арнайы визасына ие болып, Калифорнияда ұшқышсыз құрылғыларды жобалаумен айналысып келеді. Оның айтуынша, финалға шыққан дрон екі жылдық еңбектің нәтижесі.

Әлем АҚШ-ты қорғаныс және әскери технология саласындағы көшбасшы деп мойындайды. Сондықтан бұл нәтиже – тек менің емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды жетістік. Бүгінгі презентацияда өзімді «Қазақстаннан шыққан инженер» деп таныстырдым. Американдықтар біздің елде де білікті мамандар бар екенін білсе екен, - деді Ерлан Әлімханов.

Негізгі артықшылықтарының бірі – модульдердің ауыстырылуы. Соның арқасында «MegaDrone 360» төтенше жағдайларда құтқару, медицина, өрт сөндіру, жүк тасымалы және ойын-сауық индустриясы сияқты салаларда қолданылуы мүмкін.

Алайда конференцияға қатысқан сарапшылар дронның әскери мақсаттағы әлеуетіне ерекше назар аударған.

Ерланның дроны 360 градусқа айналатын модулі арқылы әскери стратегияға өзгеріс әкелуі мүмкін. Сонымен қатар медицина, құтқару, өрт сөндіру миссияларында да тиімді қолдануға болатыны – оны бірегей құрылғы етеді, - деп қосты бизнес бойынша кеңесші Уильям Хюз.

Қазір инженер Калифорния штатының Фремонт қаласында жобаны жетілдірумен айналысып жатыр. Ол дронды әрі қарай дамыту, инвестор тарту және болашақта құрылғыны алысқа тасымалдайтын төрт аяқты көлік платформасын жасау жоспарын бөлісті.

Маманның есебінше, дайын дронның құны 60 мың доллардан басталуы мүмкін. Әлімханов бәсекеге қабілетті өнім шығару үшін өзге шеберханалармен және бағдарламалау, дрон жасау саласындағы мамандармен бірлесе жұмыс істемек.