Жаңалықтар

Қазақстандық фильм танымал киножүлденің шорт-тізіміне енді

Қазақстандық фильм танымал киножүлденің шорт-тізіміне енді
Фото: Alternativa Film Awards 19.11.2024 16:50 396

Қазақстандық режиссер Айжан Қасымбектің «Мәдина» атты драмасы Alternativa Film Awards 2024 халықаралық киножүлдесінің шорт-тізіміне енді. Марапаттау рәсімі 29 қарашада Индонезияның Джокьякарта қаласында өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Alternativa Film Awards by inDrive – түрлі елдердің киноиндустрия мамандарының танылуына және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін халықаралық көшпелі бастама. Бұл жүлде қоғамға оң әлеуметтік өзгерістер әкеле алатын және көпшілік аудиторияға арналған фильмдердің танылуына мүмкіндік береді.

Шорт-тізімге Азияның 14 елінен жалпы саны 25 фильм енді. Оның ішінде 13 толықметражды және 12 қысқаметражды туынды бар. Орталық Азияның абыройын екі фильм қорғап отыр: қазақстандық «Мәдина» және қырғыз режиссері Дальмира Тілепбергеннің «Белек» фильмі.

Фильмді түсіруге төрт жыл уақыт қажет болды. Біздің түпкі мақсатымыз – Қазақстанда көлеңкеде жиі қалып қоятын әйелдер мен балалар мәселесін көпшілікке жеткізу еді. Түсірілім басында өзімді дәрменсіз сезіндім. Ешқандай қолдау болмады, фильм ешкімге керек еместей көрінді, тіпті фильм аяқсыз қалып қоя ма деп қорықтым. Біз қозғаған тақырыптар қоғамда әлі күнге дейін табу саналады. Бірақ осы төрт жылда көп нәрсе өзгерді – Қазақстанның бұрынғы экономика министрі болған күйеуінің қолынан қайтыс болған Салтанат Нүкенованың орны толмас қазасы қоғамды тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы ашық айтуға итермеледі. Әйелдер енді үнсіз қала алмайды, ал Президент бұл мәселені жеңу үшін жаңа заңдарға қол қойды. Біздің фильм – осы өзгерістер туралы, махаббатпен және үнсіз қалуға болмайды деген сеніммен баяндалған оқиға, – дейді режиссер Айжан Қасымбек.

Халықаралық қазылар алқасының құрамына қазақстандық деректі фильм режиссері Катерина Суворова кірді. Оның «Qoryqpa» фильмі өткен жылғы жүлдеде марапатқа ие болған. Катеринамен бірге фильмдерді Үндістан, Индонезия, Германия, Бразилия және Иранның танымал кинематографистері бағалайды.

Біз фильмдердің көркемдік және кинематографиялық артықшылықтарын ғана емес, олардың өз қауымдастықтарына жеткізгісі келген мәнін және осы кең де күрделі әлемдегі баршамызға берер әсерін де ескеруіміз керек. Өткен жылғы фестиваль бағдарламасының алғашқы кезеңі менің туған қалам Алматыда өтті. Бұл мен үшін жеңіспен ғана емес, қоғамды жақсартуға бағытталған фильмдерді қолдау идеясымен есте қалған жарқын оқиға болды. Көшпелі жүлденің басқа елде қайта жарық көріп, жалғасын тапқанын көру маған шабыт сыйлайды, – деді қазылар алқасының мүшесі, қазақстандық режиссер Катерина Суворова.

Шорт-тізімге енген барлық фильм 22-28 қараша аралығында Джокьякартада өтетін Alternativa Film Festival аясында көрсетіледі. Марапаттау рәсіміне дейінгі маңызды оқиғалардың бірі – 27-29 қарашада өтетін Industry Days кәсіби бағдарламасы. Бұл шарада кинематографистер әртүрлі елдерден келген әріптестерімен өзара тәжірибе алмасады.

Марапаттау рәсімін БҰҰ-ның гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі елшісі, британ-индонезиялық актриса әрі белсенді Ханна Аль Рашид жүргізеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға