Жаңалықтар

Қазақстандық делегация «ШЫҰ 2023 - туризм жылы» атты форумға қатысты

Қазақстандық делегация «ШЫҰ 2023 - туризм жылы» атты форумға қатысты
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 25.11.2023 10:51 1062

Қытайдың Үрімші қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң – Ұйғыр автономиялық ауданының Халық үкіметімен бірлесіп ұйымдастырған «ШЫҰ 2023 – Туризм жылы» атты форум өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараға еліміздің атынан Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев, Қазақстанның Қытайдағы Елшісі, Алматы қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерінің өкілдері, отандық туроператорлар мен Қытайдағы Елшілігінің қызметкерлері қатысты. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Мемлекет басшыларының кеңесі 2023 жылды туризм жылы деп жариялаған еді.

Форум барысында спикерлер ШЫҰ кеңістігінің және ШҰАА туристік әлеуетін, тұрақты туризмді ілгерілету және туризмді кедейлікті қысқарту факторы ретінде дамыту мәселелерін талқылады.

Форум ШЫҰ кеңістігінде туризмді дамыту бойынша жаңа шешімдерді іздеуге және жаңа жобалар әзірлеуге тиімді алаң болатынына сенімдімін. Қазақстан әрдайым ШЫҰ аясындағы жан-жақты өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән береді. Биыл еліміз ШЫҰ-ға төрағалық етеді. Алматы – ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы болып жарияланды. Біздің бастамамызды қолдағандарыңыз үшін бәріңізге алғысы білдіремін, - деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

Сондай-ақ Ержан Еркінбаев форум қатысушыларын 2024 жылғы 8-14 қыркүйек күндері Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырды.

Осындай іс-шаралар туристік әлеуетті ілгерілетуге ықпал ететінін атап өткен жөн. Форум аясында қазақстандық мәдениеттің ерекшеліктері ұсынылған көрме және тәжірибе алмасу үшін B2B/ B2G алаңдары ұйымдастырылды. Қазақстан мен Қытай арасындағы туризм саласын дамытудың орасан зор әлеуетін ескере отырып, Қазақстанның Қытайдағы туризм жылын өткізу – 2024 жылғы маңызды оқиғалардың бірі болмақ.

Бұған қоса, форум аясында Ержан Еркінбаев Өзбекстан Республикасы Туризм комитетінің төрағасы Умид Шадиевпен, Беларусь Республикасының Спорт және туризм министрі Сергей Ковальчукпен екіжақты кездесулер өткізді, сондай-ақ ҚКП Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы партиялық комитетінің хатшысы Ма Синжуймен ұжымдық кездесуге қатысты.

Екіжақты кездесулер барысында туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықтың неғұрлым өзекті мәселелері, атап айтқанда экотуризм, агро және тау шаңғысы туризмі саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға