МО денсаулық сақтау басқармасы

Қазақстандық дәрігерлер Түркияда тағылымдамадан өтіп жатыр

Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және халықаралық әріптестікті одан әрі нығайту мақсатында маңғыстаулық дәрігерлер Түркияның жетекші медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы өңірдің денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Аталған бағдарлама шеңберінде Маңғыстау облысының хирург-онколог, отоларинголог дәрігерлерінен құралған делегация Стамбул қаласындағы медициналық мекемелердің бірі - «Hisar Hospital» орталығында және «Medicana Health Group» клиникасында кәсіби білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасуда.

Дәрігерлер құрамында Маңғыстау облыстық онкология орталығының сәулелік-терапия бөлімінің дәрігері, онколог Гүлзира Құдабаева, хирургия-онколог дәрігер Нұрпейіс Жақсыбай, Бейнеу көпбейінді орталық аудандық ауруханасының онколог дәрігері Нұрболат Ізбергенов, Түпқараған орталық аудандық ауруханасының онколог дәрігері Аягөз Молдабекова, МО көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігері Сағат Бітімов, отоларинголог-дәрігер Дулат Майемер, уролог-дәрігер Қайрат Нұралиев және №2 Ақтау қалалық емханасының хирург-дәрігері Айзада Қосбосинова бар. 

Тағылымдама аясында мамандар заманауи технологияларды қолдану, күрделі оталарды жүргізу және халықаралық стандарттарға сай медициналық көмек көрсету әдістерін меңгеруге бағытталған.

«Hisar Hospital» ішіндегі бөлімшелерге барып, жұмыстарымен таныстық. Әр маман өзіне тиесілі оталарға қатысып, тәжірибелерін шыңдап жатыр. Түрік дәрігерлермен бірлесіп, 1 күн қабылдау бөлімінде болып, науқастарға тексеру жұмысын жүргіздік. Осындай мүмкіндік ұсынған басшыларға алғыс білдіреміз,-деді №2 Ақтау қалалық емханасының терапиялық және хирургиялық бейіндегі мамандандырылған көмек бөлімінің меңгерушісі Айзада Қосбосинова.