Жаңалықтар

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның марапатын иеленді

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ-ның марапатын иеленді
Фото: Қорғаныс министрлігі 04.10.2024 21:15 562

Конго Демократиялық Республикасында әскери қызметшілер – подполковник Алтынбек Жалмұханов пен майор Батыр Тұяқов БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға қосқан үлесі үшін медальдарымен марапатталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Салтанатты күні бітімгерлік күштер шеруін басқару  БҰҰ миссиясының әскери бақылаушылары бас штабының бастығы подполковник Алтынбек Жалмұхановқа бұйырды. Бұл біздің бітімгерлердің ел беделінің артуына қосқан үлесі. 

Марапаттау рәсімінде миссия қолбасшысы генерал-майор Кхар Диуф Алтынбек Жалмұхановтың сіңірген еңбегін атап, оның өңірдегі ахуалды тұрақтандыруға қосқан үлесіне, көшбасшылық қасиеттері мен ісіне адалдығына тоқталып өтті.

Офицерлер Алтынбек Жалмұханов пен Батыр Тұяқов «Біріккен Ұлттар Ұйымының Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссиясы» құрамында қызмет етіп жүр.

Майор Батыр Тұяқов – Қазақстанның Қарулы күштерінен осы елдегі бітімгерлік миссияға қатысушы алғашқы өкілі. Бір жыл ішінде ол әскери бақылаушы ретінде абыроймен қызмет етіп, өзін жоғары деңгейлі кәсіби маман ретінде көрсетті. 

Естеріңізге сала кетсек, Біріккен Ұлттар Ұйымының Конго Демократиялық Республикасындағы тұрақтандыру жөніндегі миссиясының мандаты бейбіт тұрғындарды, гуманитарлық персонал мен құқық қорғаушыларды қорғауды, үкіметті бейбітшілікті тұрақтандыру және нығайту жөніндегі жұмысына қолдау көрсетуді қамтиды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға