Жаңалықтар

Қазақстандық бітімгер африкалық оқушылармен кездесті

Қазақстандық бітімгер африкалық оқушылармен кездесті
Фото: Қорғаныс министрлігі 05.05.2024 20:22 573

Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшісі майор Арман Бекбаев Камбоджадан келген бітімгерлермен бірге Орталық Африка Республикасының шығысындағы Бриа қаласында жергілікті мектептің бастауыш сынып оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл жерде ол Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясының құрамында бірнеше ай қызмет етіп жүр.

Қазақстандық бітімгер балалармен әңгімелесіп, бұл елде бітімгерлік күштердің қандай мақсатпен жүргенін түсіндірді, сонымен қатар оларға Қазақстан туралы айтып берді. Оқушылар әскери қызметшіні қызығушылықпен тыңдап, сұрақтар қойып, өз тілектерін жеткізіп, проблемаларымен бөлісті.

Гуманитарлық дағдарыста және әлеуметтік тұрақсыздықта өмір сүретін балалармен кездесу – қандай жағдай болса да, олардың жаңа нәрселерді білуге ұмтылыстарын жоғалтпайтынын көрсетті. Ең бастысы – балалар бәрі жақсы болады деп сенеді, – деді майор А. Бекбаев. 

Іс-шара соңында бітімгерлер мектеп оқушыларына жазу құралдары мен тәттілер тарту етіп, оқу орнына спорттық керек-жарақтар берді.

Осындай гуманитарлық шараларды бітімгерлер тұрақты түрде өткізетінін айта кету керек. Жергілікті тұрғындармен кездесу – олардың қосымша міндеті.

Бітімгерлер бұл кездесуді 2010 жылы БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаменті құрған халықаралық ағылшын тілі күніне орайластырды. Аталмыш шара БҰҰ-ның алты ресми тілін тең дәрежеде қолдануға, көптілділік пен түрлі мәдениетті қолдауға бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға