ҚР ҰОК

Қазақстандық балуандар жастар арасындағы әлем чемпионатында 10 медаль жеңіп алды

Болгарияда күрестен жастар (U20) арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы 30 жиынтық медальдің ішінде бір алтын, екі күміс және жеті қола жүлде иеленді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Грек-рим күресі

Бұл спорт түрінеде балуандарымыз бір күміс пен үш қола медальға қол жеткізді. Финалға шыққан жалғыз спортшы – Диас Сейітқалиев (82 кг). Ол алтын медаль үшін күресте 2025 жылғы Еуропа чемпионы (U20) және 2024 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы ресейлік (бейтарап ту астында) Михаил Шкаринге есе жіберді.

Қола медальді Арсен Жұма (55 кг), Юсуф Ашрапов (72 кг) және Темірлан Тұрдақын (87 кг) жеңіп алды. Жұма қырғыз балуаны Омур Ынтымақты, Ашрапов грек Арионас Колицопулосты, ал Тұрдақын әзербайжандық Орхан Физули Хаджиевті ұтты.

Дамир Ибрашов (63 кг) та қола үшін күресті, бірақ ресейлік Игорь Пунченкоға жол берді. Қалған салмақ дәрежелерінде – Саламат Мұратұлы (60 кг), Әлібек Турлығазы (67 кг), Ақжан Ықыласов (77 кг), Нұрасыл Аманалы (97 кг) және Қуаныш Амангелді (130 кг) жүлдесіз қалды.

Бейресми жалпы есепте Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен тоғызыншы орынға тұрақтады (0+1+3). Жеңімпаз атанғандар – бейтарап ту астында өнер көрсеткен ресейліктер (2+2+3). Екінші орында – Грузия (2+0+1), үшінші орында – Иран (1+2+2).

Біздің жүлдегерлер:

Диас Сейткалиев (18 жас) – 2025 жылғы Азия чемпионы (U20).

Арсен Жұма (19 жас) – 2024 жылғы Азия вице-чемпионы (U20), 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері (U17).

Юсуф Ашрапов (19 жас) – 2024 жылғы Азия чемпионы (U20), 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері (U20).

Темірлан Турдақын (19 жас) – 2025 жылғы Азия чемпионы (U20), 2024 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері (U20).

Әйелдер күресі

Әйелдер құрамасының қоржынында бір ғана медаль бар. Оны Анна Стратан (57 кг) алып берді – қола жүлде.

Бұл санаттағы бейресми есепте Қазақстан 10-орынға жайғасты (0+0+1). Жапония (5+0+3) бірінші, Үндістан (2+3+1) екінші, Қытай (1+1+3) үшінші болды.

Еркін күрес

Еркін күресте Қазақстан құрамасы төртінші орыннан көрінді (1+1+3). Едіге Қасымбек (125 кг) – әлем чемпионы атанса, Камиль Куруглиев (92 кг) күміс жүлдегер болды. Ал Нұрданат Айтанов (57 кг), Досжан Құл-Ғайып (74 кг) және Самир Дүрсінов (97 кг) қола жүлдені жеңіп алды.

Бұл жарыста АҚШ құрамасы көш бастады (5+1+2), екінші орын – бейтарап ресейліктерде (2+2+3), үшінші орын – Иранда (1+2+2). Соңғы алтынды Өзбекстан еншіледі.

2025 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионаты (U20) Болгарияның Самоков қаласында 17–24 тамыз аралығында өтті. Жарысқа 650 спортшы қатысып, грек-рим, еркін және әйелдер күресінде 30 медаль жиынтығы сарапқа салынды.