Қазақстандық балуан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Тиранада (Албания) күрес түрлерінен олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Ержет Жарылқасын күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Грек-рим күресінен 63 келіде белдескен отандасымыз финалда Әзербайжан балуаны Нихат Маммадлиге 6:1 есебімен жол берді.
Кездесудің алғашқы айналымында отандасымыз 1 ұпай иеленіп, алға шыққанымен, екінші айналымда басымдықты қарсыласына беріп қойды.
Ол іріктеу кезеңдерінде Польша балуанымен кездесіп, мерзімінен бұрын жеңіске жетті (9:0). Ал ширек финалда Француз спортшысын 10:0 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Финалға шығар сында ұлттық құрама мүшесі тура 1 минут белдесіп, Ресей балуанына екі мәрте 4 ұпайлық әдісті сәтті жүзеге асырған болатын.