Қазақстандық әйелдер жасап жатқан жасанды интеллект әлемді таңғалдыруда
Көптеген цифрлық ассистенттердің неге әйел адамның даусымен сөйлейтінін ойланып көрдіңіз бе? Біз күн сайын Siri, Alexa немесе Alice сияқты сервистердің сабырлы, жағымды дауысына үйреніп кеткенбіз.
Сарапшылардың айтуынша, адамдар технологияны әйел дауысы арқылы жеңілірек қабылдайды. Сондықтан цифрлық ассистенттердің көбі дәл осындай үнмен сөйлейді. Алайда бұл жүйеленің артында тек әйелдің дауысы ғана емес, оларды жасап жатқан әйелдердің өзі тұрғанын көпшілік біле бермейді. Бүгінде жасанды интеллект әлемінде әйел инженерлер мен кәсіпкерлердің дауысы барған сайын анық естіліп келеді.
Қазақстанда да бұл үрдіс айқын байқалады. Жасанды интеллектті дамыту елдің цифрлық саясатының маңызды бағытына айналды. Ал осы технологиялық өзгерістердің бастауында тұрғандардың арасында қазақстандық әйелдер де бар. Олар медицинадан бастап өндіріс пен бизнеске дейін түрлі салада жаңа шешімдер ұсынып жатыр.
Денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллект
Мысалы, AIDENTIS стартапының негізін қалаушы Асылзат Исатаева стоматология саласына жасанды интеллект енгізуді қолға алған. Оның командасы әзірлеген технология рентген суреттерін талдап, адамның көзі байқамай қалуы мүмкін ұсақ өзгерістерді анықтайды.
Бұл жүйе дәрігерлерге диагнозды дәлірек қоюға көмектеседі. Кей жағдайда кішкентай белгі кейін үлкен аурудың бастамасы болуы мүмкін. Ал жасанды интеллект осындай тәуекелдерді ертерек анықтап, дәрігерге шешім қабылдауға көмектеседі.
Германиядан стартапқа дейінгі инженерлік жол
Денсаулық сақтау саласында тағы бір қызықты жобаны қазақстандық инженер Алуа Мұсралина дамытып жүр. Оның кәсіби жолы Германиядағы ірі автокөлік компанияларынан басталған. Ол кезінде Audi және Mercedes-Benz жобаларында ұшқышсыз көліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеген.
Кейін ол медициналық технологияларға бет бұрып, Umaia платформасын дамытуға кірісті. Бұл жүйе адамның зертханалық көрсеткіштерін, өмір салтын және күнделікті әдеттерін талдап, денсаулықты жақсартуға арналған нақты ұсыныстар береді. Яғни ауруды кеш анықтап емдеудің орнына, оның алдын алуға көмектеседі.
Қазақстандық инженерлердің әлемдік нарықтағы жобалары
Қазақстандық әйелдердің технологиядағы табысы халықаралық деңгейде де байқалып отыр. Соның бір мысалы – Tenvos AI компаниясының тең құрылтайшысы Рима Сеилова-Олсон.
Ол еңбек жолын Kaspi компаниясының алғашқы инженерлерінің бірі ретінде бастаған. Кейін ол депрессияны анықтауға арналған жасанды интеллект жобаларымен айналысып, Kintsugi Health стартапының дамуына үлес қосты. Бұл жоба Forbes нұсқасы бойынша әлемдегі ең перспективалы компаниялардың қатарына енген.
Қазір Рима өндірістегі қауіпсіздік мәселесін шешетін жаңа технология әзірлеуде. Оның жүйесі адамның сөйлеуін небәрі алты секунд ішінде талдап, қызметкердің қатты шаршағанын немесе мас күйде екенін анықтай алады. Мұндай технология құрылыс, авиация және энергетика салаларындағы апаттардың алдын алуға көмектеседі.
Мейрамхана индустриясындағы цифрлық шешім
Жасанды интеллект бизнесте де үлкен өзгерістер әкеліп жатыр. Aldente AI компаниясының тең құрылтайшысы Лаура Таганова мейрамхана индустриясындағы күрделі процестердің бірін автоматтандыруға қол жеткізді.
Оның командасы жеткізу қызметіндегі тапсырыстарды жинау процесін талдайтын жүйе әзірледі. Бұл технология тапсырыс кезінде туындайтын мәселелерді автоматты түрде анықтап, коммуникацияны реттей алады. Жобаны 500 Global қоры қолдаған. Бүгінде бұл шешім мыңдаған филиалы бар Panda Express сияқты ірі желілерде қолданылып келеді.
Цифрлық болашақты қалыптастырып жатқан әйелдер
Бұл мысалдардың барлығы бір нәрсені көрсетеді: Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуына әйелдердің қосқан үлесі жай ғана статистика емес. Олар медицинада жаңа мүмкіндіктер ашып, өндірістегі қауіпсіздікті күшейтіп, бизнестегі тиімділікті арттырып жатыр.
Цифрлық ассистенттердің дауысы әйел болуы мүмкін. Бірақ осы технологиялардың артында тек әйелдің дауысы ғана емес, еліміздің цифрлық болашағын қалыптастырып жатқан әйелдердің білімі, тәжірибесі мен көшбасшы мінезі тұр.

