Қазақстандық ауыр атлет Азия чемпионы атанды
Ауыр атлетикадан Катарда өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Отандық зілтемірші Денис Полубояринов жастар және жасөспірімдер арасында өтіп жатқан Азия біріншілігінде топ жарды. 96 келі өкілі Денис қоссайыс қорытындысы бойынша 366 келіні (161+205) бағындырып, чемпион атанды. Бұл оған қарсыластарынан оқ бойы озып кетуге мүмкіндік берді. Себебі екінші орындағы ирандық Хамида Зари қоссайыс қорытындысында 334 келіні (146+188) басынан асырды.
Қостанайлық ауыратлет Катарға Бахрейннен ұшып барды. Себебі ел астанасы Манамада ол ересектер арасындағы әлем біріншілігінде Б тобында үздік шықты.
Айта кетейік, Дохадағы Азия чемпионаты 19 желтоқсанда басталып, 25 желтоқсанда аяқталады.
Қазір құрамамыздың еншісінде 16 медаль бар (7 алтын, 4 күміс пен 5 қола).