Жаңалықтар

Қазақстандық әскерилер Әзербайжанда теңіз арнайы күштерінің курстарынан өтті

Қазақстандық әскерилер Әзербайжанда теңіз арнайы күштерінің курстарынан өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі 07.11.2024 23:41 356

Әзербайжан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің әскери бөлімдерінің бірінде теңіз арнайы күштерінің арнайы курсынан өткен әскери қызметшілердің оқуды аяқтауға арналған рәсімі өтті. Оған Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Әзербайжан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері қолбасшысының міндетін атқарушы бірінші дәрежелі капитан Теймур Муршудов қазақстандықтарға курсқа қатысқаны үшін алғысын білдірді. Ол Әзербайжан тарапы тәжірибе алмасуға, бірлескен курстар мен жаттығулар өткізуге дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде елші Әлім Байел президенттер екі елдің қарым-қатынасын одақтас ретінде бағалайтынын атап өтті. Барлық салада, оның ішінде әскери ынтымақтастық саласында да тәжірибе алмасу жүріп жатыр.

Дипломат соңғы екі жылда бірлескен оқу-жаттығулар саны едәуір өскенін айтты. Олардың кейбірі Қазақстан мен Әзербайжан тәуелсіздігі тарихында тұңғыш рет екіжақты негізде өткізілген. Ол сондай-ақ биылғы жылдың шілде айында Маңғыстау облысында өткен «Бірлестік» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуында Әзербайжан контингенті саны жағынан Қазақстан Қарулы күштерінен кейінгі екінші орында тұрғанын атап өтті.

Ә. Байел теңіз арнайы күштерін оқытудың оңай емес екенін, сондықтан курсты сәтті аяқтаған жауынгерлер нағыз батырлар екенін алға тартты. Бакуден олар курстық сертификаттармен және естелік сыйлықтармен оралады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға