Жаңалықтар

Қазақстандық археолог Қаңлы дәуірінің қазба байлығын тапты

Қазақстандық археолог Қаңлы дәуірінің қазба байлығын тапты
Фото: gov.kz 13.10.2023 01:34 967

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ археолог-ғалымы Александр Подушкиннің экспедициялық жасағы көп жылдар бойы жергілікті қорғандарда қазба жұмыстарын жүргізіп келеді,

Жақында экспедиция құрамы Қызылкөл тарихи-мәдени аумағында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде екі мың жыл бұрынғы ежелгі Қаңлы мемлекетіне тиесілі жәдігерді тапты.

Табылған діни қызметкер сақинасының бөлігі бірегей мұра саналады. Ал, басқа да жәдігерлер ежелгі дәуірде бұл аймақта қызу тіршілік болғанын айғақтайды.
«Бұл Шошақ баба ғұрып-ғибадатхана кешені. Мұнда Қазақстанның археология ғылымында алғаш рет периметрі мен ішкі қабырғалары оңтүстік Қазақстанға тән емес тастан жасалған үлкен ғибадатханаға тап болдық», — дейді Александр Подушкин.

Профессордың айтуынша, олар Қазақстанда алғаш рет арнайы тауашада жерленген адамдар сүйегін тапқан. Ал, оның жанындағы жәдігерлер бұл құрылыстың діни сипатта екенін көрсетеді. Атап айтқанда, төрт аяқты хош иісті зат түтеткіш, асықтар, әртүрлі пішіндегі керамикалық бұйымдар, кішкентай саптыаяқтардан бастап үлкен ыдыстарға дейін, қола айна, қола белбеу, бойтұмарлар табылған. Сондай-ақ, ғалымдар қошқардың суреті бар көптеген керамикалық бұйымдар ежелгі ата-бабаларымыздың 2 мың жыл бұрынғы наным-сенім, рухани түсінігімен байланысты екендігін айтады.

Профессор осы қазбалардың ішіндегі ең бірегейі арқар бейнеленген сақинаның бөлігі деп таниды. Ол бұл сақинаны діни қызметкер киген деп біледі. Қошқар бейнесі қаңлы-сармат дәуіріне тән культтің бейнесі. Олардың таным-түсінігінде қошқар бақыт, байлық, ұзақ өмір, денсаулық және зұлым күштерден қорғауды білдірген.

Александр Подушкин Қызылкөл тарихи-мәдени аймағының көрнекті археологиялық ескерткіштерге бай екенін айтады. Олардың барлығы ежелгі халық дәстүрінен хабар береді.

Айта кетелік, университеттің археология орталығы биыл еліміздің Орталық Мемлекеттік мұражайымен екі үлкен нысанда барлау-зерттеу және стационарлық қазба жұмыстарын жүргізді. Оның бірі Қызылкөл қорымы болса, екіншісі Шошақтөбе ғұрыптық кешенінің құрылысы болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға