ҚР ҰОК

Қазақстандық алғашқы боксшы әлем чемпионатының финалына шықты

Дубайда өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының үміткерлерінің бірі Сабыржан Аққалықов финалға жолдама алды.

75 келі салмақта бақ сынайтын отандасымыз жартылай финалда өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоевпен кездесуі керек еді. Алайда қарсыласы жекпе-жекке шығудан бас тартқандықтан, Сабыржан келесі кезеңге тікелей өтті.

Аққалықов ширек финалда Израиль боксшысы Мирослав Капулер-Ищенкомен қолғап түйістіріп, екінші раундта техникалық нокаут арқылы жеңісті жұлып алған болатын.

Айта кетейік, Сабыржан Аққалықов — World Boxing кубогының жеңімпазы әрі әлемдегі беделді турнирлердің бірі саналатын «Странджа» жарысының чемпионы.

Сонымен қатар бүгін финал жолдамасы үшін Қазақстан құрамасының тағы бес өкілі шаршы алаңға шықпақ.