Қазақстанда ЖИ саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттің және президенттің назарынан тыс қалмайтын стартаптар елдің экожүйесін едәуір нығайтып отыр. Мұнда урбанистикадан бастап медицинаға, білімге және корпоративтік қызметке дейін ЖИ көмегімен шешімдер бар. Осы ретте El.kz тілшісі еліміздегі үздік ЖИ стартап жобаларға шолу жасады.
Бүгінде болашағы зор отандық стартап жобалар мен компаниялар қатарында тұтынушылармен байланысқа арналған дыбысты роботтарды әзірлеуге және енгізуге маманданған Cybernet.ai, иммунды терапия және диагностика салаларындағы күрделі міндеттерді шешуге өз үлесін қосуға ниетті ArlanBiotech стартабы бар.
Сондай-ақ оқушыларға, мұғалімдерге, мектеп әкімшілігіне, білім басқармасына AI көмегімен жекелендірілген оқу маршрутын алуға мүмкіндік беретін Beyim – EDTech компаниялары жұмыс істейді. Ал перспективасы үлкен тағы бір стартап – Higgsfield AI ғалымдар мен инженерлерге күрделі компьютерлік модельдерді үйретуге көмектесетін озық жүйені ойлап тапты.
Higgsfield AI стартабы
Higgsfield AI бүгінде әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан стартаптардың бірі және қазақстандық инженерлер жасаған жасанды интеллект саласындағы компаниялардың қатарына жатады.

Қазақстаннан шыққан, жасанды интеллект зерттеушісі Ерзат Дулат пен Snap Inc-тің генеративті ЖИ бөлімінің бұрынғы басшысы Алекс Машрапов негізін қалаған жоба екі жылдан аз уақыт ішінде миллиондаған белсенді пайдаланушыларды, оның ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен танымал актерлер, әншілер және спортшыларды тарта алды.
Сонымен қатар, Higgsfield AI жетекші венчурлық қорлар мен танымал бизнестерден 16 миллион доллар инвестиция алды. Жақында стартапты Meta сатып алғысы келіп, бірнеше жүз миллион долларға бағаланған. Алайда команда бұдан бас тартты.
Higgsfield AI қазіргі уақытта әлеуметтік желілер форматына арналған бейне жасауға арналған ең үздік өнім болып табылады.
Higgsfield AI-да бейне жасау үшін ешқандай промт жазудың қажеті жоқ. Click to Video принципі жұмыс істейді, яғни пайдаланушы өзіне ұнайтын пресеттерді таңдап, өзінің фотосын немесе бейнесін жүктейді, ал платформа барлығын өзі жасап береді.
Мұны пайдаланушылар кез келген контент жасай алады. Мысалы, француздық Sandro киім бренді және испандық Meller көзілдірік бренді осы платформаны пайдаланып, өздерінің өнімдеріне арналған жарнамалық роликтер жасаған.
Қазіргі уақытта «Higgsfield AI» ұсынған өнімдерді 2 миллионнан астам адам пайдаланады. Компания AI-ұйымдарының топ-185 қатарына енген.
Arlan Biotech стартабы
2021 жылы негізі қаланған биотех-стартап Arlan Biotech командасы наноденелерді дайындау үшін жасанды интеллекттің озық технологияларын пайдаланады. Жоба медицина мен фармацевтика саласы үшін маңызды жаңалық болды.

Өйткені осы наноденелер қатерлі ісік пен аутоиммунды ауруларды диагностикалау мен емдеуде кеңінен қолданылады. Венчурлық қорлардың назарына іліккен бұл стартап алдағы үш жылда жасанды интеллект бойынша әлемдегі ең үздік 5 биотехнологиялық компания қатарына қосылуды көздеп отыр.
Beyim Edtech стартабы
Beyim EDtech – жекелендірілген оқытуға арналған ЖИ шешімдерін әзірлейтін EdTech стартап. Команда Beyim.ai білім беру әлеуметтік желісі мен 50 мыңнан астам оқушы қолданатын Beyim Synaq емтихан платформасын жасап шығарған.
Платформалар Назарбаев зияткерлік мектептерінде қолданылады. BeyimTech оқушыларға және мұғалімдерге жеке бейімделген оқу траекториясын ұсына отырып, білім беру сапасын көтеруге бағытталған.
CerebraAI стартабы
Қазақстандық стартап CerebraAI – АҚШ пен Канададағы ең үздік 15 ЖИ-компания қатарына енді.
CerebraAI – инсульттер мен басқа да жедел неврологиялық жағдайларды жылдам және дәл диагностикалауға арналған жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеумен айналысатын қазақстандық технологиялық стартап. Стартап дәрігерлерге ерте сатыда диагноз қоюға көмектесу үшін контрастсыз компьютерлік томография сияқты медициналық бейнелерді талдауға жасанды интеллектті пайдаланады.

Бұл – әлемдегі ең әлеуетті AI-стартаптардың тек 10-15-і ғана қабылданатын, Google-дың ең беделді бағдарламаларының бірі.
Бағдарламаға қатысу CerebraAI-ға ауқымын кеңейту үшін Google-дың ресурстарына қол жеткізуге, сондай-ақ Google DeepMind, Google Cloud және жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласындағы басқа да жетекші сарапшылардан жеке менторлық қолдау алуға мүмкіндік береді.
Aldente AI стартабы
Aldente AI – ЖИ ресторан мен кафелердегі бизнесті оңтайландыруға көмектеседі. Жасанды интеллект (ЖИ) технологиясының дамуы бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді.
Компьютерлік көру технологиясы бар бақылау камералары кафелер мен мейрамханалардың қызметін жан-жақты бақылап, жағдайды талдап, қонақтардың эмоциясын байқап, қорытындысын басшылыққа бөлісе алады. Осындай ЖИ көмегінің арқасында кәсіп иесі мәселелерді тез шешіп, мекемелердің жұмысын оңтайландырады. ldente AI стартабының негізін қалаушы – Лаура Тағанова.
Бүгінде аталған стартап Coffee Boom, «Шашлычок», SF сияқты бірнеше желімен жұмыс істейді.
Cybernet стартабы
Қазақстандық Cybernet стартабы мүмкіндігінше адамға ұқсайтын дауыстық роботтары бар цифрлық байланыс орталықтарын құрып жатыр. Компанияның қызметтерін ірі қазақстандық банктердің 70%-ы пайдаланады. Жоба менеджерлері Иван Белохвостиков, Рашид Исмаилов, Виталий Акулов және Данияр Өмірзақов. Cybernet стартабы жасанды интеллект негізінде адамдардан іс жүзінде айырмашылығы жоқ және байланыс орталықтарындағы операторлармен бірдей жұмыс істейтін дауысты роботтарды жасайды.
Технология былай көрінеді: клиент байланыс орталығына хабарласады, ал оны ASR (Automatic Speech Recognition – сөзді автоматты тану) жүйесімен жабдықталған робот тыңдайды. Оның көмегімен ЖИ модельдері адамның сөзін қабылдап, мәтінге айналдырады. Әрі қарай NLU (Natural Language Understanding – табиғи тілді түсіну) немесе LLM (Large Language Model – үлкен тіл үлгісі) ЖИ үлгілері сауалдың мағынасын талдайды және жауап дайындайды.
Ол TTS (Text To Speech) үлгісіне беріледі, оның көмегімен робот жауапты дауыстап, оны клиентке жеткізеді. Осы технологияның негізінде бір уақытта ондаған мың адамға қызмет көрсете алатын ірі цифрлық байланыс орталықтары құрылып жатыр.
TypiPay стартабы
TypiPay стартабы қазақстандықтардың қаржы сауатын арттырып, ақылмен инвестициялауды және алаяқтардың уәделеріне сенбеуді үйретеді. Нарықта жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2017 жылы әлеуметтік желі мен қаржылық платформа элементтерін біріктірген жобаны жасауды ұйғарады.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің бірінші лигасына шамамен 10 ең танымал сервис кіреді, мысалы, WhatsApp, Telegram, WeChat немесе Snap. Олар әлемдегі коммуникацияның барлығын қамтамасыз етеді.
Осылайша TypiPay платформасы 2018 жылы 148 елде іске қосылады. 2018-2019 жылдары команда бүкіл әлемді аралап шығады. Осылайша бірнеше миллион адам тіркеледі.
Qala AI стартабы
Урбанистика мен инфрақұрылым дамуы үшін геоаналитика негізіндегі шешімдер ұсынады. Абу-Дабидегі халықаралық AIM Congress форумында Future Cities номинациясы бойынша беделді AIM Investment Award сыйлығын алды.
Яғни, адамдардың қозғалысы туралы деректерді, спутниктік суреттерді және статистикасын талдау қала инфрақұрылымындағы әлсіз тұстарды жылдам анықтауға және қаланы тұрақты ету жолдарын табуға көмектеседі.

