Қазақстандағы жанармайдың 25%-ы стандартқа сай келмейді
Қазақстанда тексерілген жанармайдың 25%-ы сапа бақылауынан өтпей, техникалық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы Tengri Auto-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
2025 жылы жанармай сапасы тақырыбы ел ішінде ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналды. Көлік иелері жанармай құю станцияларына деген сенімнің азайып жатқанын жасырмайды.
Жүргізушілердің бірі қала аумағында ғана жанармай құюды жөн көретінін айтты:
Қала ішінде жанармай сапасы әлдеқайда жақсы. Ал аймақтарда бірнеше рет көліктің тарту күші төмендеп кеткенін байқадым. Содан бері тек тексерілген станцияларды пайдалануға тырысамын, тіпті чек сақтап жүремін. Егер бір жағдай болса, дәлел ретінде қолдануға болады.
Тағы бір автокөлік иесі жанармай маркаларының айырмашылығын түсіну оңай емес екенін мойындады:
Әрине, не құйып жатқанымa мән беруге тырысамын. Бірақ техникалық жағынан барлық көрсеткіштерін ажырату оңай емес. Бір көлігімде жанармай құйғаннан кейін ақау байқасам, екіншісінде ондай мәселе болған жоқ. Ал сапасыз жанармайға шағымдану үшін қайда бару керегін мүлде білмеймін.
Тексеріс қорытындысы
Техникалық реттеу және метрология комитетінің деректеріне сәйкес, зерттелген бензин мен дизель отынының төрттен бірі стандарттарға сәйкес келмеген. Бұзушылықтар негізінен маркировка, октан саны, күкірттің массалық үлесі және басқа да көрсеткіштер бойынша анықталды.
2025 жылдың ағымдағы кезеңінде аумақтық департаменттер зертханалық сынақтар үшін 27 үлгі бензин мен дизель отынын іріктеді. Оның 25%-ында техникалық регламент талаптарына сәйкессіздік табылды, - делінген мәліметте.
Қалай бақыланады және қайда шағымдануға болады?
Жанармай сапасына бақылау бірнеше бағытта жүргізіледі:
- жоспарлы тексерістер;
- азаматтар мен компаниялардың шағымдары бойынша жоспардан тыс тексерістер;
- профилактикалық бақылау, оның ішінде бақылау сатып алулары.
Профилактикалық бақылау кезінде бұзушылықтар анықталса, ведомство әкімшілік іс қозғамай-ақ, оларды түзету жөнінде ұсыныстар береді.

