Жаңалықтар

Қазақстандағы туризм қағаз жүзінде ғана дамыған

Қазақстандағы туризм қағаз жүзінде ғана дамыған
Фото: © El.kz 19.07.2023 13:02 1123

Ұлан байтақ даламыздың табиғаты тамсандырған талай жерлері еліміздің туризм индустриясының дамуына негіз бола алады. Әлемдік туризмнің пайда болу тарихына шолу жасап көрсек: Жаңа жерлерді көру, танысу, ресурстарға ие болу мақсатында басқа құрлықтарды көру құмарлығы адамзаттың алғашқы туризм саласының пайда болуына негіз болған.

Әлемдік туризм тарихы

Белгілі грек тарихшысы Геродот б.з.д. V ғасырдың өзінде барлық өзіне мәлім саяхаттар мен жаңа жерлерді сүреттеп берген. Ежелгі Римде бай, манаптар демалу мақсатында Мысыр елдеріне саяхаттағаны тарихтан белгілі. Араб саяхатшысы мен ғалымы ибн Баттута (Абу Абдаллаһ Мұхаммед ибн Абдуллаһ әл Лавати ат-Танжи) (1304-1368/69) 21 жасында сапарға аттанып, Шығыс елдерінің барлығын жаяу аралап шыққан (70 мың шақырымнан астам), Солтүстік Африка, Үндістан мен Қытай елдерінде болған.

Итальян саудагері Марко Поло  (1254-1324) 1271-1295 жылдары Шығыс елдерін оның ішінде Қытай елінде 17 жыл тұрып,  саяхат сапарын жасаған.  

Ұлы саяхатшылар, алғашқы ашушылар, ғалымдар мен теңізшілер – Фернан Магеллан (1480-1521), Васко да Гама (1469-1524), үш каравеллада 1492-1493 жылдары Атлант мұхитынан өтіп Америка құрлығын ашқан Христофор Колумб (1451-1506) есімдері бүкіл әлемге әйгілі.

Қазақстандағы туризмінің даму алғышарттары ХІХ ғасырда пайда болды деп айтуға болады. Оған еліміздің географиясын зерттеген көптеген ғалымдар: П.П.Семенов-Тян-Шанский, Н.М.Пржевальский, И.В.Мушкетов және т.б. өз үлесін қосқан. Алғашқы ғылыми зерттеушілердің қатарынан ұлы қазақ саяхатшысы әрі ғалымы Шоқан Уәлихановты атау қажет.

Осы ғалымдарыдың барлығы өздерінің тарихи еңбектерінде барған жерлерін суреттеп, карталарын түсіріп, әлемдік туризм жолдарының қалыптасуына құнды деректер қалдырған.

Жалпы әлемдік туризм саласы жылдан-жылға қарқын алып, жаңа технологияларды қолдану арқылы өз елдерінің экономикасына млрдтаған доллар қаражат тартып жатқаны белгілі.

Мысалға, батыс елдері мен Сауд Араб елдері де тек ғана мұнай мен газға басқа да шикізат қорының шектеулі екенін түсіне отырып, туризм саласын дамытуға баса назар аударуда.

Туризм индустриясы АҚШ заманауи технологлгияларды қолдана отырып, онлайн режимде билеттер сатып алу, каталогтарымен танысу және қонақ үйлерді брондау, мегасайттар арқылы туристік өнімдерді сату және сатып алу мөлшері жыл сайын өсуде.

Бұл бағытта «Треволосити», «Майкрософт Экспедия», «Превью Трэвэл» сынды компаниялардың сауда айналысы айына 1,5 нан 2 млн доллар көлеміне жетеді. Ең алғашқы брондау жүйесі өткен ғасырдың 50 жылдарында пайда болды. Ал терминалдар 70 жылдары қолданысқа енгізіле бастады.

Демалуға ең қолайлы елдер

Туризм әлемдік саясаттың бір бағытына айналып үлгерді. Қазіргі таңда демалуға ең қолайлы елдер арасында Норвегия, Швецария, Түркия, Сауда Араб елдері, Черногория, Тайланд мемлекеттері көбірек аталады. Жыл сайын миллиондаған турист әлімді шарлайды.

Тек, ХХ ғасырдың өзінде халықаралық туризм есею жасына келіп, ұйымдастырылған және бұқаралық сипатқа көшті. Қазіргі таңда туризм әлемнің жалпы өнімінің 10 %-ын құрап, 250 млн. яғни 1/10 жұмыс орнын береді.

Халықаралық туризмге әлем экспортының 6 %-ы, инвестициялардың 7 %-ы  және әлемдік қызмет көрсету көлемінің үштен бірі келеді.

Халықаралық жиналыстарда туризм адам іс-әрекетінің өте маңызды түрі, ұлттар мен халықаралық қоғамдастық өмірінің мызғымас бөлігі екеніне баса ден қойылады. Бұл – ірі бизнес, үлкен ақша және жаһандық деңгейдегі саясат.

Әлемде халықаралық туристік сапарларға жұмсалатын қаржының 60 %-ы Еуропа елдеріне түседі. Америка құрлығының тұрғындарына 25%, Шығыс Азия мен Тынық мұхит аймағының дамыған елдеріне 14 % келеді.

АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания, Франция, Италия мен Канада азаматтары басқа елдерге саяхат жасайтын туристер шығындарының 67 %-ын жұмсайды, ал осылардың ішіндегі АҚШ, Германия мен Жапония тұрғындарына 45 % келеді.

Қазақстандағы туризм қағаз жүзінде ғана дамыған

Қазақстанда туризмді дамыту мәселесі сонау тоқсаныншы жылдары қолға алына бастады. Әрине, ол кездері тиісті инфрақұрылым мен мамандардың жоқтығы салдарынан қазақстандық туризм жоғары деңгейге жетті деп айта алмаймыз.

Туристік мамандарды даярлау үдерісі 1992 жылы басталды: дәл осы жылы екі ЖОО-нда туризм факультеті («Тұран» университеті) және  география-экология факультетінің жанында туризм бөлімшесі (Абай атындағы педагогикалых уиверситет) ашылды. Сәл кейінірек осындай бөлімшелер мен факультеттер еліміздің басқа да ЖОО-нда: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және халықаралық тілдер Қазақ мемлекеттік университетінде, спорт және туризм академиясында және т.б. ашыла бастады.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2029 жылға дейін туризм саласының 14 мың маманын даярлау жоспарлануда.

Тәуелсіздік жылдары туристік саланы дамытуға арналған  стратегиялық маңызды қадамдар қабылданды, оның ішінде нормативтік-құқықтық база дайындалды, саланы дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжаттар әзірленді, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың маңызды шаралары қабылданды.
Мысалы, Қазақстан Республикасында туристік қызмет туралы Заң 2001 жылғы 13 маусымда қабылданды. ҚР туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі Тұжырымдамасы әзірленді.

Әрине нормативтік құжаттар қабылдаған жөн. Алайда әлі күнге дейін әлімдік деңгейде тартымдылығымен көзге түсе алмай отырған қазақ туризмінің кенже қалу себебі неде?

Инфрақұрылым десе көлдің жағасындағы бес жұлдызды қымбат қонақүйлер елестейді. Жақсы ол да болсын делік.

Алайда, барша қазақстандықтар мен тіпті алыс, шетелден келіп жатқан туристерді қабылдайтын замануи технологиялары дамыған туристік орындар бар ма? Мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлінсе де дамуы жағынан артта қалған Бурабайды алып қарасақ та болады.

Ескі қайықтар, жағалаудың барлығы қоршалған, көлдің өзі ластанып кеткен. Тиісті сервистік қызметтер дамымаған. Жеке азаматтардың жалға беріп отырған үйшіктері шетелдіктер үшін тіпті ұят.

 Ал Имантаудағы Шалқар, Павлодардағы Жасыбай, Баянауыл, Қарағандыдағы Балқаш, Өскемендегі Бұқтырма, Қапшағай, жетісу өңірлері мен Алматыдағы Шымбұлақ сынды қазақ даласында мыңдаған туристік орталыққа айнала алатын ғажайып жерлер бар.

 Өкінішке орай, барлығы жекеменшік қолға өтіп кеткендіктен, тиісті инвестиция салынбайды.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (2019 жылғы 31 мамырдағы № 360 ҚРҮҚ) бекітілді және табысты іске асырылуда. Егер саланың негізгі көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, жыл сайынғы тұрақты оң динамика байқалады.  

Мысалы, орналастыру орындарының саны 2001 жылдан бастап 21,5 есеге, 165-тен 3 535 бірлікке дейін, ал олардағы төсек-орындардың саны 16 мыңнан 183 мыңға дейін өсті. Егер 4-5 * қонақүй саны 5 бірліктен аспаса, онда осы жылдың басында олардың саны 90 бірліктен асты.

Орналастыру орындарында қызмет көрсетілген келушілер саны 2009 жылғы 2,3 млн.адамнан 2019 жылы 6,3 млн. адамға дейін өсті. Аталған кезеңде (2009-2019 жж.) шетелдік туристер саны 513 мыңнан 980 мың адамға дейін 2 есеге жуық өсті. Туризм құрған жалпы қосылған құн осы кезеңде 3 еседен астам өсті.Салаға жыл сайынғы инвестициялар көлемі 3,3 есе – 144 млрд.теңгеден 614 млрд. теңгеге дейін өсті.

Соңғы бірнеше жылды ерекше атап өткім келеді, жеке инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау және туристік дестинациялардың қолжетімділігін жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

2019 жылдан бастап 101,6 млрд теңгені құрайтын  68 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды.Мемлекеттік инвестициялардың жоғары көлемі жеке инвестициялардың өсуін ынталандырды.

Осылайша, жеке инвестициялар есебінен 2600-ден астам жұмыс орнын құрумен 137,8 млрд.теңге сомасына 91 жоба енгізілді.

2020 жылы іске қосылған ең ірі жобалардың ішінде Ақтау қаласындағы құны 66,8 млрд.теңге (500 нөмір) "Rixos Water World Aktau" кешенін, Нұр-сұлтан қаласындағы құны 20 млрд. теңге (191 нөмір) "Sheraton" қонақ үйін, Ақмола облысындағы құны 6 млрд. теңге көпфункционалды туристік кешенді атап өтуге болады.

Ал 2021 жылы Түркістан қаласында көпфункционалды "Керуен-Сарай" туристік кешені (86 млрд.теңге) іске қосылды.

Бұл ретте Каспий теңізінің Маңғыстау жағалауы жаңа объектілер енгізіле отырып, одан әрі дамитын болады.

Алдағы  2-3 жылда тақырыптық ойын-сауық паркінің және 1,2 млрд, АҚШ доллары сомасына инвестициялар көлемімен "Fairmont", "DoubleTree by Hilton", "Movenpick Hotels and Resorts" сияқты халықаралық деңгейдегі шамамен 4-5 қонақ үйдің құрылысы аяқталатын болады.
Ішкі және халықаралық нарықтарда Қазақстанның имиджін тиімді маркетинг және ілгерілету бойынша практикалық шараларды іске асыру үшін 2017 жылы "Kazakh Tourism "ұлттық компаниясы"акционерлік қоғамы құрылды.

Міне ресми мәліметтерге қарасақ керемет сандар. Алайда өзің барып демалсаң осының бірі де жоқ. Тіпті болған күннің өзінде қарапайым азаматтар үшін қолжетімсіз.

Сонымен қатар туристік орталықтардағы ғимараттардың барлығы дерлік еуропалық үлгіде жасалған. Көшірмесі деуге болады. Мұнымен кімді қызықтырамыз? Қазақ туризмі ақшаңқан алты қанатты үйлермен, қымыз, саумалымен, ұлттық салт-дәстүрімен ерекшеленбей ме?

Шетелдіктерді қазақтың осы дәстүрі көбірек қызықтырады. Мысалға Монғолияны алар болсақ, әр табиғаты керемет жерлердің барлығында туристік орталықтар жұмыс істейді. Бағасы да қолжетімді.

Барлық инрфқұрылым монғолдың ұлттық дәстүріне негізделген. Шетелдік қонақтар айран, сүт ішіп, киіз үйлердің қосқабатты люкс номерлерінде демалып, балық аулап, атқа мініп, түйеге мініп, монғол әншілерінің концертін тамашалап, ұлттық салт дәстүріне қатысып жатады.

Сондықтан да Монғолияның туризм саласындағы имидж жоғарылап келе жатыр.

Батысқа еліктеу арқылы ұлттық құндылықтарды елемей, ескермей жасаған көптеген жобалар бай, манаптар мен жоғары шенеуніктердің анда-санда келіп демалатын орнына айналып келеді.

Әрине менің көзқарасыммен келіспеуге де болады. Дегенмен статистикалық мәліметтерге сүйенбей, өз көзіммен көріп қайтқаннан соң мақала авторы ретінде пікірімді білдірген жөн деп есептеймін.

Туризм саласына Президетімізде аса мән беріп отыр. Бірнеше рет өткізілген жиналыстарда тиісті тапсырмалар берілді. Алдағы жылдары туризм ел экономикасының жетекші саласына айналуы тиіс.

Ол үшін қажырлы еңбек, қайтарымды қаржы, жаңа жобалар мен білімді басшылар, білікті мамандар керек екені сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға