Depositphotos

Қазақстандағы Қытай көліктері Ресейдің ескі көліктерінен әлдеқайда жақсырақ - министр

11.03.2026 18:07

Қазақстан Ресейден және Беларусьтен әкелінетін автокөліктерге арналған утилизациялық алымды арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтегі брифингте мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұл шешім Ресей тарапынан енгізілген жаңа талаптарға жауап ретінде қабылданып отыр және Қазақстандағы автокөлік бағасының күрт өсуіне алып келмейді.

Ерсайын Нағаспаев Қазақстан нарығында көлік таңдауы жеткілікті екенін атап өтті. Оның сөзінше, қазақстандықтар соңғы уақытта елде құрастырылатын автокөліктерге көбірек көңіл бөле бастаған.

Егер жалпы қарасақ, Қазақстанда автокөлік таңдауы бар. Ресейдің автопромын алсақ, негізінен “Нива” немесе “Lada” көліктері. Бірақ қазір көптеген қазақстандықтар елімізде құрастырылатын көліктерге назар аудара бастады. Қытай брендтері баға, функционал және интерьер жағынан ресейлік автокөліктерден жиі тиімді, – деді министр.

Оның мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстандағы автокөлік нарығында ресейлік импорттың үлесі шамамен 3,7 пайыз ғана.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, Ресей мен Беларусьтен әкелінетін жеңіл автокөліктерге арналған утильалым кей жағдайларда бірнеше есе өсуі мүмкін. Ал Қазақстанда өндірілген немесе басқа елдерден әкелінетін көліктерге бұрынғы мөлшерлемелер сақталады.

Министрдің сөзінше, бұл шара Ресейде қазақстандық көліктерге арналған утилизациялық алымның бірнеше есе өсуіне жауап ретінде қабылданған.

Сонымен қатар, үкімет жаңа талаптар енгізілген жағдайда да Қазақстанда автокөлік бағасы күрт қымбаттамайды деп болжап отыр.