Коллаж El.kz

Қазақстандағы Қытай автокөліктерінің болашағы қандай?

2025 жылы Қазақстандағы қытайлық автокөліктердің сатылымы қарқынды өсіп келеді. Мәселен мамыр айында сатылған әр бесінші қытайлық көлік – Changan маркасы. Брендтің нарықтағы үлесі 18 пайызға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда сатылым көлемі екі есеге артқан.

El.kz интернет порталының тілшісіне пікір білдірген автосарапшы Арман Ашмұханов Қазақстанда Қытай көліктері шамамен 20-30 пайызға арзан екенін айтады.

Автосарапшының айтуынша, Қытай көліктерінің Қазақстан нарығындағы орны жылдан-жылға күшейіп келеді. Оның мәліметінше, 2024 жылы ресми дилерлер 205 мың дана көлік сатқан болса, соның 51 мыңы – Қытайдан әкелінген автомобильдер.

Қалған 150 мыңның ішінде Корея, Германия және Жапония көліктері бар. Десе де, жалпы көрсеткішке қарасақ, Қытай автокөліктері нарықтың шамамен 25 пайызын алып отыр. Бұл – айтарлықтай үлкен үлес, – дейді сарапшы.

Не себепті сұраныс көп?

Автосарапшының айтуынша, Қытай көліктерінің танымал болуына басты себеп – олардың қолжетімді бағасы.

Басқа аналогтарымен салыстырғанда Қытай көліктері шамамен 20-30 пайызға арзан. Сондықтан халық көбіне таңдауын қалтасына қарап жасайды, – дейді Арман Ашмұханов.

Арман Ашмұханов Қытай көліктерінің тағы бір артықшылығы, баға мен жабдықталу деңгейінің сәйкестігі екенін айтады.

Бірдей бағаға Қытай көлігінде қосымша мүмкіндіктер көп ұсынылады. Мысалы, артқы көрініс камерасы, 360 градус шолу жүйесі, былғары салон сияқты заманауи жабдықтар бар. Осындай толық жабдық тұтынушыларды қызықтырады және таңдау жасауға ықпал етеді, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар Қытай көліктеріне қатысты сын-пікірлер де жоқ емес. Сарапшының айтуынша, кейбір тұтынушылар сапаның төмендігін алға тартады.

Кей жағдайда көлік жаңа күйінде бір жылдың ішінде-ақ ақау шығарып жатады. Бірақ оны жөндеуге жауапты зауыт немесе ресми дилерлер кепілдік шарттарын орындаудан бас тартып, тұтынушылар мәселесімен жеке қалатын жағдайлар кездеседі. Бұл мәселе қазір әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жүр, – дейді автосарапшы.

Қосалқы бөлшектерді табу қиын

Арман Ашмұханов Қытай көліктерінің тағы бір әлсіз тұсын атап өтті. Оның айтуынша, көліктің бағасы қолжетімді болғанымен, қосалқы бөлшектері қымбатқа түседі.

Мысалы, құны 10 миллион теңге тұратын көліктің тек алдыңғы жарық шамының өзі шамамен 1 миллион теңге болуы мүмкін. Ал қозғалтқышы 1,5 миллион теңгеге дейін барады. Бұған қоса, олардың құрылымы өте күрделі жасалғандықтан, көптеген бөлшектерді жөндеп немесе қайта өңдеу мүмкін емес. Көп жағдайда тұтас ауыстыруға тура келеді, – дейді сарапшы.

Автосарапшының пікірінше, Қытай көліктерінің саны жыл сайын артып, нарықтағы үлесі де көбейіп келеді. Бұған бірнеше негізгі фактор әсер етуде.

 Біріншіден – қолжетімді баға, екіншіден – көліктің сыртқы сәнді дизайны, үшіншіден – заманауи жабдықтарының мол болуы. Осы артықшылықтар Қытай автокөліктеріне сұранысты үдетіп отыр, – дейді ол.

Қазақстандық автонарықты не күтіп тұр?

Қазақстан автонарығында алдағы уақытта көліктердің арзандауы мүмкін екенін айтады. Оның себебін сарапшы нарықтағы шамадан тыс көбеюмен байланыстырады.

Бұрын бір жанұяда бір ғана көлік болса, қазір әрбір отбасы мүшесі жеке автокөлік алуға тырысады. Кейде ол көлік шын мәнінде қажет емес болса да, несиеге рәсімдей береді. Кейін төлем қабілеті төмендеп, адамдар несиесін жаба алмай, мәжбүрлі түрде көлігін арзанырақ бағаға сатуға мәжбүр болады. Осындай жағдайлар жиілеп барады, – дейді маман.

2024 жылы Қазақстанда ең көп сатылған 5 қытайлық бренд:

Chery – 23 115 автокөлік

Haval – 19 752 автокөлік

Geely – 12 307 автокөлік

Exeed – 9 812 автокөлік

Changan – 6 543 автокөлік

Сарапшылардың пайымынша, Қытай автокөліктерінің Қазақстан нарығындағы үлесі алдағы уақытта арта түспек. 2025 жылдың соңына қарай олардың үлесі 45 пайызға жетуі ықтимал.

«Қазақстан автомобиль одағының» мәліметінше, биыл елде жергілікті автоөндіріс көлемі ұлғайып келеді. 2025 жылы екі жаңа автозауыт іске қосылып, ішкі нарыққа қолжетімді бағадағы қытайлық автокөліктер шығарылмақ. Бұл қадам қазақстандық тұтынушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, бәсекелестікті күшейтеді.

Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылдың мамыр айында Changan бренді Қазақстандағы қытайлық жеңіл автокөліктер нарығының 18 пайызын иеленген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың кезеңімен салыстырғанда екі есеге артып отыр. Яғни, мамыр айында сатылған әр бесінші қытайлық көлік – Changan маркасына тиесілі болды.