Жаңалықтар

Қазақстандағы құрылыстар зілзалаға қаншалықты төзімді?

Қазақстандағы құрылыстар зілзалаға қаншалықты төзімді?
Фото: vestnikstroy.ru 01.03.2023 18:20 5886

Ақпан айының басында Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы жеті баллдан асатын екі жер сілкінісі болды. Салдарынан 45 мыңнан астам адам қайтыс болды. Бірнеше қаладағы тұрғын үйлер үйіндіге айналған.

Түркиядағы тұрғын үйлердің құлауына жер сілкінісінен бөлек құрылыс сапасының төмендігі де себеп болған деген болжам айтылуда. Бұл жағдай Қазақстанда қайталануы мүмкін бе? Біздің елдегі құрылыстар зілзалаға қаншалықты төзімді? Бұл сұрақтарды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» акционерлік қоғамының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаровтан сұрап көрді.

Апат айтып келмейді. Бірақ Түркия сияқты дамыған елдер мұндай жағдайға дайындық жасай алмағаны өкінішті-ақ...

Түркияда болған зілзала құрылыс жұмыстарына немқұрайды қарауға болмайтынын тағы бір аңғартты. Өйткені бауырлас елде құрылыс сапасына қойылған талаптардың орындалмауы салдарынан көптеген нысан қирап, құлап қалды. Әр мемлекеттің сейсмикалық аймақтағы үйлерді салу кезінде қолданылатын нормалары болады. Үй салып жатқан кезде сол нормалар сақталса, үйлер жер сілкінісіне төтеп береді. Сондықтан Түркиядағы табиғи апаттың салдары құрылыс нормаларының сақталмауымен қабаттаса отырып, ауыр зардабқа ұшыратты. Түріктердің сеймикалық аймақтағы құрылыс нормалары нашар дей алмаймын. Өйткені құрылыс нормалары кезең-кезеңімен күшейтіліп, жаңарып отырады. Сол себепті құрылыс нормаларын осал деуге келмейді. Бірақ сол құрылысты жүзеге асыратын құрылыс компанияларының жауапкершілігін ескеруіміз керек. Олар бекітілген талапты орындамағаннан кейін осындай зілзала кезінде ғимараттар құлап жатады.

– Қазақстандағы құрылыс нысандары жер сілкінісіне қаншалықты төзімді?

Қазақстандағы бүкіл ғимаратқа қатысты жауап бере алмаймын. Қазақстанның 43% жері сейсмикалық аймаққа жатады.  Еліміздегі ең қауіпті аймақтардың тізімі Алматы қаласынан басталады. Мұнда зілзаланың күші 9-10 балл болады. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысын, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Шымкент қаласы, Алматы облысы да сейсмикалық аймаққа енеді. Сондықтан бұл жерлерде құрылыс нормалары мен оның ережелері қатаңдатылған. Егер нормадағы талаптар орындалса, ғимараттарды қауіпсіз деп есептеуге болады.

Мәселен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1998 жылы Қазақстанның құрылыс нормалары жарық көрді. Оған 2001 жылы өзгеріс енгізілді. Сосын 2004-2006 жылдары да өзгертілді. Кейін 2017 жылы тағы бір өзгеріс жасалды. Осы ретте айта кетейін, 2021 жылдан бастап біз Еуропалық құрылыс нормаларын енгіздік. Мұның бәрі талаптарды күшейту мақсатында істеледі.

– Сейсмикалық аймақта орналасқан нысандардың қаупсіздігін тексердіңіздер ме?

Мысалы, 2000 жылдары еліміздегі құрылыс саласында «бум» болды. Сол кезде біз жаңадан салынған бірқатар ғимаратты тексердік. Бізде сейсмикалық беріктікті тексеретін құрылғы бар. Соны салынған ғимараттың үстіне шығарып, өңірдегі болжамды жер сілкінісінің деңгейінде тексереміз. Бүгінде біз 15 тұрғын үйді тексердік. Алматыда Кеңес одағы кезінде салынған типтік үйлер көп. Ол кезде құрылыс қатаң тәртіппен салынған. Ал қазір құрылыстарды жекелеген компаниялар салады. Сондықтан олардың сапасына қатысты сырттай баға бере алмаймыз. Бірақ олардың 90 пайызы монолитті үйлер. Осы орайда біз алаңдаушылық білдіріп, жаңадан салынып жатқан үйлерді тексергіміз келді. Көп компанияларға хабарласып, тексеріс жасауға өтініш білдіріп отырамыз. Өздеріне сенімді компаниялар кейде келісіп жатады. 

– Әлемде жер сілкінісі салдарына лайықты төтеп бере алатын елдер бар ма?

Әр мемлекет әр жер сілкінісінен кейін құрылыс нормаларына өзгерістер енгізіп отырады. Мысалы, 2003 жылы Жамбыл облысына қарасты Лугавой кентінде жер сілкінді. Сол кезде біз соған байланысты жалпы нормаға өзгеріс енгіздік. Атап айтқанда, оңтүстік өңірлерде жиі кездесетін құрылыс түрлеріне (саманнан салынатын құрылысқа) қатысты өзгеріс жасағанбыз.  2005 жылы Жапонияда болған зілзала кезінде олар да құрылыс нормаларын қатаңдата бастады. Яғни олар оқшаулағыш іргетастар сала бастады. Бүгінде Жапонияда 5000-нан астам тұрғын үй жер сілкінісіне төзімді саналады.

Жаубыңызға рахмет!

 

Осы сұхбаттан кейін Төтенше жағдайлар Министрлігі «Сейсмология институты» ЖШС-нің қызметкері Ақкенже Сиылқановадан жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы сұрадық.

«Егер сіз тұрғын үйдің бірінші-екінші қабатындағы пәтерде тұрып жатқан болсаңыз, 7 баллдық жер сілкінісі кезінде сыртқа шығып үлгере аласыз. Өйткені қуатты зілзала кезіндегі тербеліс бірнеше секундқа созылуы мүмкін. Сол уақытта сіздің қашып шығуға мүмкіндігіңіз бар. Бірақ сіз үшінші немесе одан да жоғары қабатта тұрсаңыз, бұл әрекет нәтижесіз болуы мүмкін. Ондай жағдайда үйдің негізгі тірек қабырғалары мен бөренелеріне қарай жақындағаныңыз жөн. Кейде стол мен керуеттің астына жасырыну да көмектесіп жатады. Сондықтан бірден үрейге берілмей, аман қалудың амалын іздеген абзал. Көп жағдайда терезелер қауіпті аймақ саналады, олар сынып кетуі де мүмкін. Сол себепті терезеден аулақта тұру керек. Жоғарғы қабатта тұратын тұрғындар баспалдақ пен лифт қолданбауы керек. Бұл – өте қауіпті! Мысалы, Түркияда болған апат кезінде адамдар үйден қашып шығуға тырысқан. Салдарынан көп адам көз жұмды. Әлеуметтік желілерде құтқарушылардың оқиғаға қатысты жасаған қорытындылары осыны байқатады. Ал егер 4-5-6 баллдық жер сілкінісі болатын болса, бұл аса қауіпті саналмайды. Мұндайда үйден қашуға асықпаңыз. Сондықтан құрылыс кезінде үйдің іргетасына мән берген абзал. Кем дегенде іргетас жердің астына кемі 50 сантиметрден, 1 метрге дейін аралықта енгізілуі керек. Сондай-ақ оның жер бетінен биіктіге де 80-100 сантиметрді құрауы тиіс. Сонымен қатар жер үйлерде сейсмикалық белдеулер міндетті түрде жасалуы керек. Бұл пәтерлерге де қатысты», - дейді сейсмолог.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға