Қазақстандағы подкастинг: Таныс та бейтаныс әлем
Бүгін, яғни 30-шы қыркүйек – бүкіл әлемде подкаст жасаушылар мен тыңдаушылар үшін маңызды күн. Бұл күн – Халықаралық подкаст күні (International Podcast Day). Подкаст – бұл тек ақпарат тарату құралы ғана емес, сонымен қатар идея, пікір, білім және шабыт алмасудың заманауи форматы.
Подкаст – интернет арқылы қолжетімді аудио немесе видео хабарламалар сериясы. Подкасттарды кез келген адам өз смартфонынан, ноутбугынан немесе басқа құрылғыдан тыңдай алады. Ол жаңалықтар, әңгімелер, білім беру, бизнес, өнер, психология, тарих және тағы басқа шексіз тақырыптарды қамти алады.
«Подкаст» сөзін алғаш британдық журналист Бен Хаммерсли 2004 жылы "The Guardian" басылымындағы мақаласында қолданған. Бұл сөз "iPod" (Apple компаниясының аудиоплеері) және «broadcast» (хабар тарату) сөздерінің қосындысынан құралған. Дәл сол жылы Адам Керри, MTV-дің бұрынғы жүргізушісі, Дэйв Вайнердің RSS технологиясы арқылы аудио файлдарды автоматты түрде жүктейтін жүйесін пайдаланып, алғашқы нағыз подкасттарды іске қосады. 2014 жылы америкалық Стив Лид подкаст мәдениетін насихаттау мақсатында Халықаралық подкаст күнін ұсынды. Сол уақыттан бастап бұл күн подкаст авторларын қолдау, тыңдаушылармен байланысты нығайту және подкаст индустриясының маңызын арттыру үшін тойланып келеді.
Подкасттың артықшылықтары өте көп. Мәселен, оны кез келген жерде тыңдауға болады – жұмысқа бара жатқанда, серуендегенде немесе үйде демалып отырып. Оның үстіне подкасттар интернеті бар кез келген адамға қолжетімді. Тақырыптардың алуан түрлілігі соншалық әр адам өзіне қызықты әрі пайдалы контент таба алады. Шығармашылық еркіндік те бар. Себебі авторлар еркін форматта мазмұн жасай алады.
Әлемде подкаст қалай дамуда?
Соңғы онжылдықта подкастинг – әлемдік медиа кеңістікте ерекше қарқынмен дамыған салалардың біріне айналды. Бүгінгі таңда подкаст тек жеке адамдардың хоббиі емес, толыққанды бизнес, саяси құрал және медиа индустрияның маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр. Әлем елдері подкастты әртүрлі мақсатта пайдаланып, түрлі бағытта дамытып келеді. Бұл мақалада подкастингтің АҚШ, Еуропа, Азия және көршілес елдердегі даму ерекшеліктеріне шолу жасаймыз.
АҚШ
Подкаст сөзі алғаш шыққан ел – АҚШ, әрі бұл мемлекет подкастинг индустриясының ең ірі нарығы болып қала беруде. Edison Research зерттеуі бойынша, 2024 жылы американдықтардың 64%-ы айына кемінде бір рет подкаст тыңдаған. Жарнама подкасттың негізгі табыс көзіне айналған. АҚШ-та подкаст жарнамасынан түсетін табыс 2023 жылы 2,5 млрд доллардан асқан. Spotify, Apple Podcasts, Audible, iHeartRadio сияқты платформалар өз подкаст желілерін құрып, эксклюзивті контент жасап отыр.
Еуропа
Ұлыбритания, Германия, Франция сынды елдерде подкаст нарығы тұрақты даму үстінде. Көп елдерде подкаст мемлекеттік медиалармен немесе жеке медиа үйлерімен бірлесе жасалады. BBC Sounds (Ұлыбритания) секілді платформалар сапалы аудио контент ұсынады. Көптеген елде мемлекет подкаст өндірісін қаржыландырады (мәдениет, білім, тіл саясаты бағытында). Подкасттар бірнеше тілде (немісше, французша, испанша) шығарылады, бұл аудиторияны кеңейтуге сеп.
Азия
Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан сияқты елдерде подкаст тыңдау әсіресе мобильді қосымшалар арқылы қарқынды дамуда. Қытайда Ximalaya FM және Lizhi сияқты платформалар подкаст пен аудиокітаптың гибридтерін ұсынады. Үндістанда регионал тілдердегі подкасттар өте танымал бола бастады. Жапонияда подкасттар комикс, гейминг және аниме индустриясымен қатар дамуда.
ТМД елдері
Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерде подкастинг енді дамып келеді, бірақ бейне-подкасттар мен Telegram арналар кең танымал. Ресейде «Arzamas», «Медуза» сияқты жобалар сапалы тарихи, ғылыми подкасттар жасап отыр. Украинада әскери тақырыптағы подкасттар сұранысқа ие. Өзбекстан мен Қырғызстанда да жастар арасында мотивациялық және тіл үйрену подкасттары кең тараған. Монетизация жолдары кеңейіп келеді. Соның ішінде жарнама, патреон, донат, ақылы жазылымдар, брендтік контент. Соңғы жылдары видео подкасттар өсу үстінде Әсіресе YouTube, TikTok арқылы аудитория жинау трендке айналды. Тағы бір оңды үрдіс - әйел подкастерлер мен азшылық топтар дауысы естіліп жатыр. Бұл тенденция медиа кеңістіктегі теңдікті арттыруға сеп.
Подкаст әлемде әртүрлі форматта, түрлі аудиторияға арналып дамып келеді. Кейбір елдерде бұл индустрия алпауыт медиаға айналса, енді бірінде әлі қалыптасу үстінде. Бірақ барлығының ұқсас жағы – еркіндік, қолжетімділік және мазмұнның даралығы. Қазақстан да осы жаһандық толқыннан тыс қалмай, өз подкаст мәдениетін қалыптастырып келеді.
Қазақстанда подкаст қалай дамуда?
Соңғы жылдары Қазақстанда да подкаст индустриясы дамып келеді. Жеке подкаст авторлары, медиа ұйымдар мен қоғамдық қорлар түрлі тақырыпта подкасттар шығарып, тыңдаушылар аудиториясын кеңейтіп жатыр. Қазақ тіліндегі подкасттар саны да артып келеді. Бұл – тыңдаушылардың ақпаратты өз ана тілінде тұтынуға деген сұранысын көрсетеді. Радио және подкаст нарығы Қазақстанда 2025 жылы 61,26 млн АҚШ долларына дейін өсуі күтіледі. Сол нарықтағы подкаст жарнамаларынан түсетін табыс 2024 жылы шамамен US$255,70 мың болуы мүмкін. Бұл көрсеткіштердің өзі подкаст индустриясының коммерциялық әлеуетінің әлі де мардымсыз екенін көрсетеді. Яғни, жалпы медиа нарық ішінде подкаст кішкентай, бірақ өсіп келе жатқан сегмент.
Қазақ тіліндегі подкасттар тыңдаушылар арасында танымал бола бастады. Бұл мәдени және тілдік артықшылық. Әсіресе жас аудиторияны бағыттау үшін брендер подкаст жарнамаларын қарастыруда. Подкасттарды видео форматқа айналдыру, YouTube-қа шығу, аудиомен бірге визуалды контент қосу.
Десе де, мәселелер мен кедергілер де жоқ емес. Соның бірі – ресми статистика жоқ. Подкастерлер саны, тыңдалым, табыс секілді барлық көрсеткіштер нақты өлшеніп отырған жоқ. Екінші, инфрақұрылым мен технологиялық мәселелер. Жақсы студиялық жабдықтар, жазу, монтаж, микрофондар, дыбыс сапасы – бәрі қымбат. Үшіншіден, монетизацияның төмен құндылығы. Жоғарыда айтылған жарнама нарығының көлемі әлі шағын. Бұл подкастерлерге тұрақты табыс әкелмейді. Төртіншіден, құқықтық және реттеу кедергілері. Яғни, салық, авторлық құқық, медиа заңнамалар – подкасттарға қатысты толық реттелмеген салалар.
Қазақстандық алғашқы зерттеулер не көрсетеді?
Жоғарыда атап өткендей, соңғы жылдары әлемдік деңгейде танымал бола бастаған подкаст форматы Қазақстанда да біртіндеп өз аудиториясын қалыптастырып келеді. Алайда, бұл сала отандық медиа кеңістікте әлі де болса қалыптасу сатысында тұр. Осыған орай жақында қазақстандық подкастерлердің бір тобы нарықтың нақты жағдайын зерделеп, аудитория мен мамандар арасында сауалнама жүргізді. Нәтижесінде подкаст саласына қатысты алғашқы отандық деректер мен тұжырымдар пайда болды. Зерттеу командасының мүшесі, подкаст саласының белсенді өкілі Бақытгүл Салықованың айтуынша, қазіргі таңда қазақстандық подкастерлердің басым бөлігі бұл іспен хобби ретінде айналысады. Яғни, көпшілік үшін бұл табыс көзі емес, қызығушылық пен өзін-өзі дамыту алаңы. «Подкаст жазып жүргендердің көбі бұл істі әлі де әуесқойлық деңгейде жүргізуде. Ал нақты табыс табу, монетизация жолдары әлі айқын емес. Бірақ сала кәсіби деңгейге өту үшін нарықтық сұраныс пен ұсынысты жақсы түсіну қажет. Бұл өз кезегінде нақты статистика мен зерттеулерді қажет етеді», - дейді Бақытгүл. Осы қажеттілікке байланысты зерттеу жүргізу идеясы туындаған. Зерттеу авторлары сауалнаманы екі кезеңде өткізген: бірінші кезеңде – 150 адамнан құралған қалың тыңдарман аудиториясы қамтылған. Екінші кезеңде – кәсіби немесе әуесқой подкастерлерден тұратын арнайы топқа сауалнама жүргізілген. Бірінші кезеңге қатысқан азаматтар 16 мен 54 жас аралығындағы отандастар. Олар Қазақстанның барлық аймағынан болғанымен, басым бөлігі Алматы мен Астанадан шыққан. Сонымен қатар, өзге өңірден келген қала қонақтары да кездескен. Тыңдаушылардың көпшілігі подкасттарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тыңдайтын болып шыққан. Зерттеу барысында қазақстандық аудитория подкаст тыңдауда көбіне смартфонды пайдаланатыны белгілі болды. Бұл халықаралық трендтермен де үйлеседі. Ал тыңдау платформаларына келер болсақ, қазақстандықтар арасында ең танымал қосымшалар Apple Podcasts – 41% көрсетсе, Google Podcasts – 34% көрсеткен. Бұл көрсеткіштер подкаст индустриясы үшін контентті қай платформаға бейімдеу керектігін көрсетеді.
Иә, қазақстандық подкаст нарығын зерделеуге арналған алғашқы зерттеулердің нәтижесі тыңдаушылардың мінез-құлқы, медиа тұтыну талғамы мен подкаст форматына деген қызығушылығы жайлы бірқатар маңызды деректерді ашып берді. Зерттеу қорытындыларына сүйенсек, подкаст тыңдаушылардың басым бөлігі бұл өнімді дәстүрлі медиа құралдарынан жоғары қояды. Респонденттердің 36%-ы - «Теледидар қарағаннан гөрі подкаст тыңдағанды жөн көремін» десе, 22%-ы - «Кино мен сериалдарға қарағанда подкаст жиірек тыңдаймын» деп жауап берген. Бұл көрсеткіштер подкаст форматындағы контенттің ақпарат тұтынудағы жаңа тренд екенін көрсетеді.
Табыс табуға бола ма?
Подкасттардың басты артықшылықтарын атап өткенде, тыңдармандар: 46% - «Кез келген уақытта тыңдауға болады, интернет қажет емес» десе, 33% - «Цензурасыз, ашық айтылатын өзекті мәселелер бар» деп жауап берген. Сондай-ақ тыңдаушылар подкасттың қарапайым, өздеріне ұқсас адамдар тарапынан дайындалатынын ерекше атап өтіп, бұл фактор оларға «сенім, мотивация және әрекет етуге ынта» беретінімен бөліскен. «Тыңдаушылар подкасттардан пайдалы ақпарат, тренд тақырыптар, танымал адамдардың көзқарасы мен тәжірибесін күтеді. Сонымен қатар олар подкастты жай ғана көңіл аулап, күйін көтеру үшін де тыңдайды», - дейді зерттеу командасы. Подкаст саласындағы ең өзекті әрі жиі қойылатын сұрақ – монетизация мәселесі. «Подкаст жазу арқылы қанша ақша табуға болады?» деген сауал бұл жолы да назардан тыс қалмаған. Бұл тұрғыда зерттеуге қатысқан подкастерлер нақты тәжірибелерімен бөліскен. Бақытгүл Салықованың айтуынша, әлемдік подкастингтегі үрдістер Қазақстанда да байқалады. Яғни подкастерлердің көбі бұл іспен табыс үшін емес, қызығушылықпен айналысады, монетизация механизмдері енді-енді зерттеліп, жарнама, ақылы жазылым және премиум контент бағыттары байқала бастады. Қазақстандық подкастинг саласы даму сатысында. Бүгінде бұл салада эпизодтарға жарнама тарту, серіктестік материалдар ұсыну, банк қосымшалары арқылы қаражат жинау секілді түрлі монетизация тәсілдері байқалып жүр. Алайда подкастерлердің басым бөлігі әзірге табыс табудан гөрі, гранттар мен донат жүйесіне сүйеніп жұмыс істеуде.
Біздің подкастерлер өз эпизодтарына жарнама тарту, серіктестік материалдар дайындау, банк қосымшалары арқылы қаражат жинау амалдарын жасауда. Бірақ қазір елімізде подкаст саласын үкіметтік емес ұйымдардан грант тарту арқылы дамытып жүрген подкастерлер басым. Сауалнамаға қатысқан 15 подкастердің 8-і осындай грант алғанын айтты, – дейді зерттеу авторы Бақытгүл Салықова.
Саланың басты мәселелерінің бірі – грант мерзімі аяқталған соң подкасттардың өміршең болмауы. Мұндай мысалдар да аз емес. Кейбір подкастерлер бұл істі тоқтатып қана қоймай, подкаст жасауды өзгелерге үйрету бағытына ауысқан.
Отандық подкастерлердің айтуынша, видео подкасттардың монетизациясы әлдеқайда қарқынды жүріп келеді. Ал аудио формат әзірге донат, демеушілік немесе грант арқылы ғана дамуда. Бұл сала ішіндегі елеулі теңсіздікті көрсетеді. Медиа нарығындағы тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, инвесторлар әлі де болса аудио контентке сенімсіздікпен қарайды, өйткені нарық әлеуеті толық ашылмаған. Осы себепті подкастингтен тұрақты табыс көру үшін алдымен нарықты қалыптастыру керек. Подкастингке кіріскендер көбінесе өздеріне қызық тақырыпты таңдайды. Бірақ жүргізушіге қызық дүние тыңдаушыға ұнай бермейді, ал шағын аудитория ішінде өз тұрақты тыңдарманыңды табу – оңай іс емес.
Қазақ тіліндегі подкасттардың ғылыми-танымдық деңгейі өсуі керек. Подкаст тек сұрақ-жауап не сұхбат түрінде емес, кәсіби тәжірибе, философиялық тұжырым, ғылыми жаңалықтар мен гипотезаларды талдау алаңына айналуы тиіс, – дейді Бақытгүл Салықова.
Бүгінде отандық подкастерлер арасында жанр тазалығы үшін күрес, контент сапасын арттыру, аудиториямен байланысты нығайту және бір-бірімен ынтымақтастық орнату секілді маңызды процестер жүріп жатыр. Салада жүрген азаматтардың көпшілігі өздері бастаған істі хобби емес, кәсіби бағытқа айналдыруға ниетті. Кейбір подкастерлер студия ашып, техникалық құрал-жабдықтарын жетілдіруде. Тағы бір тобы ірі серіктестік жобаларға кірісіп, тың форматтар ұсынып жүр. Бұл салаға деген сенім мен оптимизм – подкастерлердің басты қозғаушы күші болып отыр.
Қазақстанда подкастингтің әлеуеті зор, бірақ бұл сала әлі де қаржылық тұрақтылық пен мазмұн сапасын арттыруға мұқтаж. Нарық қатысушыларының кәсіби дамуымен қатар, мемлекеттік не бизнес тарапынан қолдау, инвестиция тарту, тыңдаушылардың талғамын терең түсіну – саланың тұрақты дамуына жол ашады. Қазақстандағы подкаст нарығы қарқынды дамып келеді. Зерттеу авторларының айтуынша, бұл бағытта жүргізілген алғашқы кешенді сауалнаманың қорытындысы 2023 жылға жоспарланған «Таныс та бейтаныс подкаст әлемі» атты кітапта жарияланбақ. Алайда әзірге подкастингті толыққанды табыс көзі немесе тұрақты медиа нарық ретінде қарастыруға негіз аз. Сала әлі де қалыптасу және даму кезеңінде.
Отандық подкаст нарығы қалыптасу кезеңінде болса да, тыңдарман қауымының тұрақты артуы, подкастты медианың балама түрі ретінде көруі –бұл форматтың болашағы бар екенін көрсетеді. Тыңдаушылар үшін подкаст қолжетімді, ашық, еркін және өзекті. Енді бұл саланың кәсіби деңгейге көтерілуі үшін монетизация жолдарын нақтылау, құқықтық және инфрақұрылымдық қолдау тетіктері қажет. Зерттеу нәтижелері подкастингтің болашағы жарқын екенін дәлелдеп берді. Ендігі кезекте бұл саланы тұрақты, табысты әрі сапалы ету – нарық ойыншылары мен контент өндірушілердің қолында. Қазірше бұл сала хобби ретінде дамып жатқанымен, болашақта Қазақстанда да табысты подкаст индустриясының қалыптасуы әбден мүмкін. Ол үшін жүйелі зерттеу, инфрақұрылымдық қолдау және контент сапасын арттыру қажет.
Ең танымал әрі бай подкастерлер: кімдер олар?
Подкаст индустриясы соң жылдары қарқынды дамып, кейбір авторлар үшін бұл табыс көзіне айналды. Әлемдегі ең танымал әрі жоғары табысты подкастерлер мен олардың жетістіктеріне қарап отырсақ, подкаст арқылы да жақсы пайда табуға болатынын байқаймыз. Мәселен Joe Rogan атты подкастшының (The Joe Rogan Experience) табысы шамамен 30 миллион жылына (2020 жылғы бағалау бойынша). Оның Spotify-пен жасалған эксклюзив келісімі (3 жылға)250 миллион шамасында бағаланады. Ол Joe Rogan әлемдегі ең көп тыңдалатын подкастерлердің бірі. Ал Alex Cooper-дің (подкаст атауы Call Her Daddy) табысы: бірнеше көздерге сүйенсек, Spotify-пен алғашқы келісімі 60 миллион болған, ал кейінірек SiriusXM-ге көшуге байланысты 125 миллиондық 3 жылдық келісім жасалған. Alex әйел подкастерлер арасында ең жоғары табыс табатындардың бірі. Ол өзінің подкаст платформасын кеңейтіп, түрлі контент бағыттарына да кірді.
Karen Kilgariff & Georgia Hardstark (подкаст атауы My Favorite Murder) duo true crime жанрында өте танымал. 2019 жылы олардың подкасты 15 миллион шамасында табыс әкелгені хабарланған. Amazon олардың тарату және жарнама құқықтарын сатып алған.
Dax Shepard-тің (подкаст атауы Armchair Expert) табысы 9 миллион шамасында. Оның подкасты Instagram, YouTube және аудио платформаларда кең тараған. 2024 жылы Amazon Wondery-пен дистрибуция келісімі жасалды деген ақпарат бар.
Bill Simmons-тің (подкаст атауы The Bill Simmons Podcast) The Ringer медиа тобына қатысты подкастары спорт, мәдениет және аналитика бағытында. Бір дерек бойынша, ол Spotify-пен 5 жылға арналған 250 миллион келісімге қол қойған. Bill Simmons-тің табысы да100 миллионнан астам болып бағаланады кейбір мәліметтерде.
Ashley Flowers-тің (подкаст атауы Crime Junkie) табысы 2025 жылы $5 миллион шамасында деп бағаланады. Ол Crime Junkie подкаст желісін дамытып, кітаптар, турлар және басқа жобаларға да кірді. Бұл подкастерлер контент, аудитория тарту, брендтік келісімдер және жарнама арқылы табыс табуға үлгі. Олар эксклюзив келісімдерге ие (Spotify, SiriusXM), подкасттарын брендтермен, жарнамалармен байланыстырады, көп платформалы формат қолданады (аудио + видео), аудитория мен танымға ие. Қазақстанда бұл деңгейге жету әлі алыс, бірақ әлемдік мысалдар шабыт сыйлайды деп үміттенеміз.
Қазақстандағы 10 танымал подкаст: Тыңдауға тұрарлық контенттер
Соңғы уақытта тыңдаушылар саны артқан сайын, сапалы әрі өзекті подкасттардың қатары да көбеюде. Төменде Қазақстандағы ең танымал әрі мазмұнды 10 подкастты ұсынамыз – білім алғысы келетін, ойланғысы келетін, шабыт іздейтін тыңдаушылар үшін.
- Qazaqsha Podcast
Тақырыптары: тіл, мәдениет, тарих, күнделікті өмір
Қазақ тіліндегі алғашқы подкасттардың бірі. Патриоттық рухты, тілге деген сүйіспеншілікті оятатын эпизодтарымен танымал.
- UyatEmes
Жүргізушілері: Назерке Райхан, Меруерт Айтен
Тақырыптары: секс, қарым-қатынас, әйел құқығы
Жабық тақырыптарды ашық қозғайтын, стереотиптерді бұзатын батыл подкаст. Әлеуметтік мәселелерге терең үңіледі.
- Telling Stories
Жүргізушісі: Әсия Бекишева
Тақырыптары: жеке тарихтар, өмірлік тәжірибе
Қарапайым адамдардың ерекше оқиғаларын баяндайтын шынайы әрі әсерлі подкаст.
- Өзіңді тап
Жүргізушісі: Айымгүл Әбіл
Тақырыптары: психология, өз-өзіңді тану, эмоциялар
Ішкі әлем мен ментал денсаулық жайлы қазақ тіліндегі пайдалы кеңестер мен әңгімелер.
- DEREK
Тақырыптары: true crime, детектив, криминал
Подкаст — тек тыңдау құралы ғана емес, ол – таным, пікір, диалог алаңы. Қазақстанда подкаст мәдениетінің дамуы – жастардың, сарапшылар мен мамандардың қоғамға әсер етудің жаңа жолын тапқанын көрсетеді. Егер сіз әлі тыңдап көрмеген болсаңыз, жоғарыда аталған подкасттардың бірінен бастау алуға кеңес береміз. Қылмыстық оқиғалар мен тергеу процестерін әңгімелейтін қазақша подкаст. Шынайы деректерге негізделген.
- Baribar Podcast
Жасалған: Baribar.kz медиа платформасы
Тақырыптары: медиа, журналистика, әлеуметтік мәселелер
Әлеуметтік жобалар мен азаматтық қоғам туралы маңызды сұхбаттар.
- Steppe Podcast
Тақырыптары: бизнес, технология, табыс
Қазақ кәсіпкерлері мен стартап иелерімен сұхбаттар. Табысқа жету жолдары туралы мотивациялық эпизодтар.
- Жады
Жасалған: MediaNet
Тақырыптары: қазақ тарихы, архивтер, ұмыт қалған оқиғалар
Тарихи деректер мен тың мұрағаттарға негізделген ғылыми-көпшілік подкаст.
- Saryqara
Тақырыптары: гендер, құқық, белсенділік
Қоғамдағы теңсіздік, әлеуметтік әділет мәселелерін қозғайды. Әйелдер мен аз топтар құқығы – басты фокус.
- Kün Podcast
Тақырыптары: күнделікті өмір, оқиғалар, қоғам
Жастардың көзімен қараған түрлі оқиғалар мен мәселелер туралы жеңіл әрі шынайы форматтағы подкас
Түйін: 2022 жылғы Muck Rack сауалнамасы көрсеткендей подкастерлер көбіне қызығушылық пен энтузиазммен жұмыс істейді, табыс табу екінші жоспарға шығады. 600-ге жуық қатысушының 69 %-ы аудиторияны көбейту мақсатында YouTube платформасына да шығады. 38 %-ы– ақылы жазылым (subscription), 34 %-ы– жарнама арқылы, 29 %-ы премиум контент арқылы, 26 %-ы қонақтарды ақылы шақыру арқылы монетизация жасайтынын айтқан.
Қазақстанда подкаст саласы әлі «балалық кезеңінде». Бірақ оның даму траекториясы айқын: аудитория өсуде, контент қолжетімді болуда, брендтер қызығушылық танытуда. Егер мемлекет, медиа ұйымдар, инвесторлар бірге қолдаса – подкасттар Қазақстандағы медиа экожүйенің маңызды бөлігіне айналуы мүмкін.

